№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ерлан Жүністің өмірі, шығармашылығы

Ерлан Жүністің өмірі, шығармашылығы



1984 жылдың 7 қарашасында Алматы облысы, Жамбыл ауданында өмірге келген. М. Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің «Әлем тілдері» факультетін тәмамдаған. 2001 жылы «Жыр-перзент» атты тұңғыш жыр-жинағы, 2011 жылы «Киелі түндердің дұғасы» атты кітабы жарық көрген. 2001 жылы «Абай оқуларында» Бас жүлдені алған. 2006 жылғы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Әдебиет» аталымы бойынша Гран-При және Президент Кубогін иеленген. 2009 жылы Баянауыл тақырыбында жазған «Үздік журналист» Алтын белгісін алған. Жамбыл облыстық «Ақ жол», «Ар-Ай», Республикалық «Кентавр» әдеби апталығы, «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет еткен. Қазір Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінің тілшісі. Астана қаласында тұрады. Үйленген. Екі ұл, бір қыздың әкесі.
   
 Өрелі сөз ұстағандардың елді де ұстайтыны тарихтан белгілі. Біз мұнда тобырды айтып отырған жоқпыз немесе сөздің киесін білмейтін «қаламгерсымақтарды» да айтып отырған жоқпыз. Кімнің қаламға сүйеніп тұрғанын, кімнің қаламды сүйеп тұрғанын оқырман мен уақыт белгілейді. Біздікі «Қазақ әдебиеті» дейтін алтын теңізде қай қаламгердің қандай ескек ұстап жүргендігін, қай арнада ағып жатқанын бүгінгі оқырман таразысына салу. Оқырман ойын дөп басып, қызу талқыланған қуатты сөздің иесін дер шағында бағалай біліп, кітабын шығаруға «Қамшы» сайты қал-қадерінше тырысып бағады. Әділ төреші болуға сізде тырысып көріңіз өрелі оқырман!
    Көз жасы   Кінәмшіл сезімдер кешірткен кезімнің Бұлты ауып барады басымнан. Мен биік тұруды үйрендім, Өзімнің Бір тамшы жасымнан. Бала-аңсар сағымы ойнаған даланың төсінде, Кезінде көктемгі жаңбырдың, Алғашқы көз жасым тамғаны есімде – Бр тамшы уыты тағдырдың. О, сонда сезсемші, Өтемін Қаншалық азапты боларын төлеудің: Әлемнің өзгеріп кетерін, Өзгеріп кетерін өлеңнің! Бұл дүние тым басқа болатын, Жас ыршып түскенше жанардан, Сол бір жас – қара түн, Ақ нұрдан жаралған, Тырс етті... Қара жер дір етті!.. Топырақ болмысы өзгерді: Өзгертті ол гүлдерді, құстарды, жүректі... Сөз де енді Білсемші келмесін қалпына бұрынғы, Ауытқып кетерін ғасырдан! ...Үйрендім мен солай биікте тұруды Көзімнің бір тамшы жасынан. Содан соң... Таулар да жылаған, Дала да жылаған, Ешкім де болмады себебін сұраған, Себебін білмеді бір адам. Олар да өзгерген, Өзгерген өлеңмен... ...Бір тамшы жас тамып кетпеуін көздерден, Күзетіп келем мен О, сол бір тұманды жылдардан! Кешсем де басқа мұң, Мен енді жоқтаман жылдарды ұрланған, Мені енді жылата көрмеші, Аспаным!..     Дәл қазір...   Дәл қазір... тек басқа қалада, Сен жайлы ойланды бір адам, қалаға, жымиған, жылаған, дәл қазір арылған күнәдан,   дәл қазір күнәға бататын, қарады ол: сен жайлы ойланды, терезе алдына байланды, есіне түсірді жайдарлы,   кезіңді, кезіңді жабыққан, оның шын сүйерін жаңа ұққан кезіңді, кезіңді сүйікті болудан жалыққан,   сүюге ұмтылған өзгені, өзгеге арналған сөздерің, өзгеге қараған көздерің, мұңайтып тұрғанын сезбедің,   дәл қазір... тек басқа қалада, сен жайлы ойланған адамды, өзіңе айналған адамды, өзіңе байланған жанарды...   Дәл қазір... тек басқа қалада...   * * *   Сенгем бүгін! Жаңа күн шуағы да, Теңіздің толқыны да, Қараша тұманы да, Найзағай жарқылы да, Сәуірдің жаңбыры да, Таулардың киесі де, Құстардың тағдыры да, Жолдардың иесі де, Таңдардың сәлемі де, Кешкілік сүйісу де, Даланың селеуі де, Кітаптың иісі де, Ағаштың тамыры да, Гүлдердің ғұмыры да, Көкжиек сағымы да, Қанаттың қыбыры да, Әлемнің жұмбағы да, Мәнгілік мұңдары да, Махаббат құрбаны да, Сағыныш құлдары да, Күнтізбе күндері де, Ғасырлар жаны мұңлы, Сағаттын тілдері де, бәрі де бәрі білді: Жыр жазғым келгендігін!   Ақын қызға   Таулар ақын болар ма еді тым биік, теңіз ақын болар ма еді тұңғиық, жолдар ақын болар ма еді тағдырлы, мезгіл ақын болар ма еді жаңбырлы, құстар ақын болар ма еді ерікті, гүлдер ақын болар ма еді көрікті, алқызыл таң, алқоңыр түн құмарлы, тастар ақын болар ма еді шыдамды, аспан ақын болар ма еді сүйеусіз, құрбың ақын болар ма еді күйеусіз, бәлкім, ақын болар ма еді кең дала, неге ақын болдың екен сен ғана?!.     Қыжылдақ   ...Құлықсыз, құмарлықсыз кесімсіздің кейпіне енді-ау дәурен есіл, біздің. Барады батпырауық ойнай-ойнай, Атсыз жыл, ныспысыз ай, есімсіз күн! Уай, дәурен, сіздің сертке бойлай да алмай, бас қойып, бар мен жоқты ойлай да алмай, Атсыз ой, сойсыз сезім, есімсіз мұң, барады батпырауық ойнай да алмай! Сырласу, қасам ішу, тілдесусіз, кезеңге тап келгенім бір кешусіз... Барамын батпырауық секілденіп, дос – атсыз, дұшпан – сойсыз,  құрбы – есімсіз!..     * * *   Асқақтық туралы аспанда, Азаттық туралы ақ жұлдыз, Ақпанар нұрын шашқанда, Ойладым... өзің туралы; Жабығу туралы жылдарға, Жалғыздық туралы шыңдардан, Зарыға қарап тұрғанда, Аңсадым... өзің туралы; Көз жасы туралы нөсерде, Өткен күн туралы ауыр бұлт, Күрсініп терең көшерде, Жыладым... өзің туралы; Сағыныш туралы түндерде, Ай нұры әлсіз түскенде, Үмітім туралы гүлдерге, Мұңайдым... өзің туралы; Мәңгілік туралы жолдарда, Қарсы алу туралы құштарлық, Мүсін боп қатып қалғанда, Қол создым... өзің туралы, О, менің Тәуелсіздігім!     Мұңұрған   Күз неге жылайды, мен бе екем жылатқан?! Жапырақ құлайды, Құлатқан – мен емес тағы да! Кешірді ол басынан не дәуір? О, бірақ осының барлығы жаныма, Соншалық неге ауыр? Неліктен кінәлі сезінем өзімді, көзінің жасына? Сүюді, сезуді, үйреткендегің осы ма, Қыркүйек? Дертіңді көтерту үшін бе? Жұтқызып жасыңды? Күзгі бак ішінде қаңғыртып басымды? Сұранам, сездіргің келеді о, нені? Жапырақ құлаған – жылаған жүректің өлеңі екенін өзім де білемін! Есіме салмашы! Дерт – өлген! Жүрегім – онсыз да, күз, сенің кітабың... Қараша түнінде өртелген!     Оянған   Сағатың, сағатың соғарда, Уақытқа, тарихқа, заманға, Әлемге, қоғамға, адамға, Оған да, маған да Сен қарсы жүресің, білесің – бұл сенің ғұмырлық үлесің! Ғұмырлық үлесің: тоқтатпау – Өмір мен Өлімнің күресін... О, жердің тәкаппар тұрғыны, О, жердің тәкаппар тұрғыны, Сен қарсы жүресің, білесің: Өзіңді тапқанша бір күні!.. Өзіңмен бетпе-бет келгенше, Өзіңді жүзбе жүз көргенше, Өзіңді майданда жеңгенше, Өзіңді өзің кеп көмгенше!     Ғапыл  Жүректің тасқа айналуы үшін, қасірет шегу міндетті емес, Бауырға тастың байлануы үшін, жасыңды төгу міндетті емес: бір ғана сөз жетеді – жемір! Көз жетеді – шегір! Бір ғана сәт жетеді түңілу үшін, лағыл тасты құрт тесуі үшін; Ал тастың құм болып үгілуі ушін, құмға гүл өсуі үшін, жеткіліксіз өмір!     Қайырым   Өзгерткің келсе де өзгерте алмайтын, Бір жол бар, екі рет жүруге болмайтын, Өзен бар, екі рет кешуге болмайтын, Жұмбақ бар, екі рет шешуге болмайтын, Есік бар, екі рет ашуға болмайтын, Перне бар, екі рет басуға болмайтын, Бір сыр бар, екі рет білуге болмайтын, Өмір бар, екі рет сүруге болмайтын, Қанат бар, екі рет кағуға болмайтын, Шырақ бар, екі рет жағуға болмайтын, Ол – қыздың жүрегі: жарық күн, қара түн, Екі рет, екі рет кешіре алатын!   ***   Ұйықтап жатып, жылап шықтың түнімен, Сен күліп ең, мен де содан күліп ем. Неге, неге, бейсанаға ендің сен, Неге, неге, бейуақта жүріп ең?   Тұзың ба әлде, өзің де әлде жеңіл ме ең? Жүректі ая жаралмаған темірден. Тәңір саған бермегенді, ботам-ау, Неге іздедің, неге іздейсің өмірден?!   Жүрекке ауыр – көңіліңнің кемсеңі, Жүрекке ауыр – сеніміңнің өлшемі, Жүрекке ауыр – жалғыздықтың көз жасы, Қалай ғана қорғай алам мен сені?   ***   Сезім серіден болғанда, ойым өрден, Құсалы өткен күндердің қайыры елден. Бұлтты күні не амал боздағаннан, Көп адамға не абзал кейігеннен?!   Өзегімнен шымырлап шықты мұңым, Айтшы соны қай кісі ұқты, күнім? Саған мәлім, қалқатай, мен мұңайсам, Айға ұлыған арманға күптілігім.   Сыртқы барды түгендеп, ішкі жоғын, Тәңір жақты тұспалдап түсті жолым. ...Жүрегімнің басында қып-қызыл шоқ, Аузымды ашсам ұрады ыстығы оның.     * * *   Мені көп сақтайды іштегі бір ұстам, Өзгермес кенеттен, құбылмас оқыстан: Солтүстік батыстан, Оңтүстік шығыстан, Солтүстік шығыстан, Оңтүстік батыстан, Жел соқты, жел соқты, қай тұстан, білмеймін, Түстік пе, терістік? Соғады-соқпайды, Айтпаймын, ашпаймын, жыламан, күлмеймін, Іштегі бір ұстам мені көп сақтайды. Тауларым, көлдерім, орманым, жолдарым, Желменен жіберді өңдерін-түстерін, Жел соқты, жел соқты, жеткізді ол бәрін, Мені көп сақтайды бір ұстам іштегі. Жел соқты, жел соқты, сергітті соққан жел, Ауырлау-жеңілдеу, азырақ-көбірек, Сен келсең, сен келсең жел соқпас жақтан кел, Іштегі бір ұстам сақтайды мені көп!..       Сәт   Жұлдыздан жарық жеткенше, Сағынып үлгердім сені, Жанымнан тұрып кеткенше, Сағынып үлгердім сені, Көбелек қанат қаққанша, Сағынып үлгердім сені, Қалалар шамын жаққанша, Сағынып үлгердім сені, Бір тамшы тамам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Бір шырпы жанам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Бір ойдан қайтам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Бір сөзді айтам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Құс ұшып қонам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Қу көңіл қалам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Зарыңды тартам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Жүгіңді артам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Перронға шығам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Бәрін де ұғам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Сағынбан енді дегенше, Сағынып үлгердім сені, «Махаббат өлді» дегенше, Өлтіріп кетші мені!   * * *   Жүрегім – жердің серігі, Айнала ұшар ол сені. Ауыр ма ақын өмірі, Дәуір ме оның өлшемі?   Білдік біз ненің өлшемін, Сездік пе мәнін тағдырдың? ...Түсіңе кірсем мен сенің, Шырақ жақ түнде, жан құрбым!   Сен кешір, мұңлы бір мен бе, Өңінде халді сұрар кім? Адасып жүріп түндерде, Түсіңе кірген шығармын...   Жүзімді елден жасырдым, Жалғыздығымның атынан!.. Мен ақын – мұңлы ғасырдың Түсінде өлең оқыған!     Бесінші маусым   Өткен көктем, құстардың қиялынан, Өткен жаз да, гүлдердің түстерінен, Өткен күз де, жапырақ жүрегінен, Өткен қыс та, ақ қардың арманынан, Өткен бәрі, Сені еске жиі алудан, Жиі-жиі сен жайлы түс көруден, Жиі-жиі сені ойлап түнеруден, Жиі-жиі сен жайлы толғанудан, Өткем мен де...   Өткен құстар, көктемнің аңсарынан, Өткен гүлдер, жаздың да самалынан, Өткен жапырақ, күздің де көңілінен, Өткен ақ қар, қыстың да бауырынан, Өткен бәрі, Кешкілік ән салудан, Басқан ізге әр күні оралудан, Өзге жұртқа есуас көрінуден, Сағынудан, күтуден, жауығудан, Өткем мен де...   Міне, солай бесінші маусым келген.   Жүрмегей деп өкпелеп бекер бізге, Бір гүл тастап кеткем мен кетерде ізге, Бір жыр жазып кеткем мен өтер күзге. Жолдарды шөп басқанша, Шөптерге шық тұнғанша, Шықтарға күз қонғанша, Ақ қарда із қалғанша... Жолығу керек пе осы екеумізге?...       * * *   Өзіңде - Өзің, Өзімде де - Өзің, Өз, өз, өз... Өзеуреп бүгін өзіңді ойлар кез емес. Еркіндігіңді құрметтей алам мен сенің, Еркінсу бірақ есіру деген сөз емес. Өзімшіл ұлдың бірі мен едім, мен едім, Тәкаппар еткен Тәңірім менен Өлеңім! Мен бірақ, күнім, еркіндік деген дүниенің, салдарын емес, құрметтеуші едім себебін. Еркіңді, ойды, таңдауды, арды, төзімді – тәуелсіз еттім, боданың еттім сезімді. ...Өмірді мынау өзгертіп кетем деп жүріп, Өзгертіп әлде алдым ба екем Өзімді?!     Жүрегімді сақта   Жүрегіңді сақта, Жүрегімді сақта, Бұл алағай шақта, бұл бұлағай шақта! Күнге керек жүрек, Түнге керек жүрек, Саған құнсыз болса, Гүлге керек жүрек! Жүрегіңді жеме, Жүрегімді жеме, Өзің сүймеген соң, Өзге сүймес деме. Жүрегіңді қорға, Жүрегімді қорға, Соғып жүр ол зорға, соғатындай сорға. Жүрегімді тыңда, Жүрегіңді тыңда, Шақырмашы құзға, батырмашы мұңға. Жүрегіңе – рахым, Жүрегіме – рахым, Жүрек деген – сұлу, Жүрек деген – ақын. Жүрегіңді сақта, Жүрегімді сақта, Я, Тәңірім, көз бер, Жүрек көзі жоққа!   * * *   Осы бізде сезім көп пе өміршең? "Сені сонша жек көремін!" дедің сен... Бірақ неге сен қуандың мен жеңсем, сен жыладың жеңілсем? Айтпа, айтпа, сезер ішім ар жағын, мен сезбеген айтшы, кұрбым, бар ма мұң? Мені солай жек көруің арқылы, жақсы көре алмауыңнан қорғадың. Бір сезім бар бізді жылатпай тұрған, дәл көктемдей... әлі бүр атпай тұрған. Қорықпаймын – айтып ұнатпағаннан, Үрейленем – іштей ұнатпайтыннан. Шыда, шыда көркем көктем келгенше, бұл көктемді күте алды ма ел менше? Мені солай таза, адал жек көрші, кісімшілдеу, кіршіл жақсы көргенше!
                                Қамшы.кз сайтынан алынды.
28 мамыр 2019 ж. 2 310 0