№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚОШ БОЛ, ПХЕНЧХАН!

ҚОШ БОЛ, ПХЕНЧХАН!


Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIII қысқы Олимпиада ойындарының туы түсірілді. Ендігі кезекте байрақты Бейжің қаласының мэрі ұстады. Осылайша тағы бір Олимпиада ойындары тарих қойнауына енді.
Сонымен, Олимпиаданың алауы сөнді. Қазақстан Олимпияда ойындарына қатысқан 102 мемлекеттің ішінде командалық есепте 28-орынға жайғасты. Үміт күткен Дмитрий Рейхерд, шаңғышы Алексей Полторанинге сәттілік жетіспеді ме, әлде бабы келмеді ме, әйтеуір мәрені мәртебелі бағындыра алмады. Тау шаңғышысы Игорь Закурдаев та үмітті ақтай алмады. Фристайлдың акробатика түрінен қыздар бір медальға ие болып қалар деп күткенбіз. Конькиші қыз-жігіттер де жігерсіздік танытты, бейнебір Пхенчханға қыдырып барғандай әсерде қалдырды. Абырой болғанда, Юлия Галышева қолаға қол созды.

ДИНАРА – ЧЕМПИОН!

Иә, иә, қате естіген жоқсыздар. Динара Әлімбекова – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Алайда... Динара Қазақ елінің емес, нағашы жұртының намысын қорғап, Олимп шыңын бағындырды.
Биатлоннан әйелдер арасындағы эстафета жарысында Беларусь құрамасы теңдессіз шықты. Надежда Скардино, Ирина Кривко, Динара Әлімбекова және әйгілі Дарья Домрачева Пеңшаң Олимпиадасында бірінші орынға ие болды. Осы төрттіктің сапындағы Динара – қазақ қызы. Әкесі – қазақ, аты – Талғат. Шешесі – беларусь.
Әлімбекова 1996 жылы 5 қаңтарда Қарағанды қаласының іргесіндегі «Абайда» дүниеге келген. Бірақ, үш жасында отбасымен Беларусь еліне көшіп кетеді. Сол елде қысқы спортпен айналысып, буыны қатады.
Жастайынан-ақ жақындары мен жаттықтырушы­ларының үкілі үмітін ақтай білді. 2015 жылы өз елінде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтынмен апталған. Онда да эстафета жарысында топ жарған.
Кореяда өткен Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы эстафета өте тартысты өтті. Динара үшінші кезеңде жүгірді. Оның алдында сынға түскен Ирина оған эстафетаны бесінші болып тапсырды. Беларусь құрамасының бапкерлері өте қатты қобалжыды. Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып отырған Динара әлемнің маңдайалды үздіктерімен тайталаса ала ма?
Әлімбекова да жатып атуда екі рет, түрегеп атқанда бір рет мүлт кетті. Бірақ қосалқы оқтарымен жамбының бәрін жапты. Көп уақыт жоғалтқан жоқ. Ең бастысы, Домрачеваға эстафетаны көшбасшылармен иық қағыстыра тапсырды. Мұндай мүмкіндікті тәжірибелі Дарья мүлт жібере қойсын ба?! Нысананы жатып көздеуде-ақ өзгелерден қара үзіп кетті. Екіншісінде ол да қосалқы үш оғын қолданды. Бірақ сыр бермеді. Көмбеге бірінші болып жетті. Өкшесін басқан қарсыластарынан қара үздіп кетті. Сөйтіп, Беларусь құрамасы сапында Динара да Олимпиада чемпионы атанды. Динара жарады.
Олимп биігіне көтерілу Жазира Жаппарқұл (күміс медаль) боксшы Дариға Шәкімова мен балуан қыз Эльмира Сыздықоваға (қола медаль) ғана бұйырған еді. Бірақ, алтын емес-тін. Содан «Қазақ қыздары ішінен тұңғыш Олимпиада чемпионы кім болады?» деп күткеніміз рас. Мұндай мәртебелі биіктікке Қазақстанның атынан шықпаса да, тегі қазақ Динара Талғатқызы көтерілді. Құтты болсын!

Мәметәлі ЖАДЕНОВ,
спорт ардагері.
27 ақпан 2018 ж. 748 0