№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аспанға шапшыған арғымақ

Аспанға шапшыған арғымақ



1954 жылы жазға салым Украинаның астанасы – Киев қаласы ерекше құлпырып сала берді. Жаймашуақ кездің жанға жайлы уақыты болатын. Украин халқы өз елінің Ресеймен тізе қосқан 300 жылдығын тойлап жатқан. Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі 65 мемлекеттен қонақ шақырылды. Солардың қатарында достық қарым-қатынасы ертеден басталған Қазақстаннан келген кісілер де бар еді.
Киевке Қазақстаннан барлығы оншақты адам келді. Ішінде бұлбұл көмей әншіміз Күләш Байсейітова, мың бұралған бишіміз Шара Жиенқұлова бар. Арасындағы ең жасы – Ермек Серкебаев. Ол кездері саяси қуғын-сүргін көріп, Мәскеуде қызмет етіп жүрген Мұхтар Әуезов делегация қатарына жолдан қосылған. Атақты партизан, жүрек жұтқан батыр Қасым Қайсенов бұлардың бәрінен де ертерек барып алған еді.
Қазақ даласынан тойға тарту ретінде бір сәйгүлік алып барған болатын. 300 жылдық мерейтой ресми түрде Киевтің Орталық стадионында аталып өтті. Сол кезді сағына еске алатын Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов:
– Халық керемет көп жиналды. Украина Үкіметі бір жақта трибунада отырды. Біз атты алып келгенде, Мұхаң – Мұхтар Әуезовтің айтуымен, аттың екі жағынан Күләш пен Шара жетектейтін болған. Ең алдымен, Мұхаң мен Нұртас Оңдасынов, сосын ат жетектеген екі қызымыз, артынан делегация мүшелері жүріп отыратын болды. Аттың ер-тұрманының өзі қымбат, Қостанай малының тұқымы болатын. Атты осылай жетектеп, үкімет алдына апарып тапсыруымыз керек еді. Күләш пен Шара екі жағынан ұстаған ат жүрмей қойды. Алдыңғы екі аяғын көтеріп, аспанға шапшып тұрып алды, – дейді.
Қазақ жұрты қашаннан-ақ өзі қадір тұтар сыйлы қонағына ат мінгізіп жатады. Себебі, қазақ үшін жылқы малы – мүлде бөлек дүние. «Ер қанаты – ат» деп, оны ерекше бөле-жара атаған. Жол азабына қарамай, алты айшылық жердегі сонау Украинаға ат жетектеп баруы да сондықтан еді. Бірақ, Күләш пен Шараның жетегіне ат жүрмей қойған.
«Адам жылқы текті» деп қазақ тегін айтпаған. Қалай болған күнде де, қазақ пен жылқының арасында беймәлім бір байланыс бар. Қазақтың қос шынары – Күләш пен Шараның жетегіне жүрмей, ат аспанға шапшығанда, әркімнің әрқалай ойлағаны рас. Ал, шындығында, бұл аттың өзіндік қасиеті бар болатын.
– Төрт түлік малдың ішінде жылқы қазаққа ең жақыны болып есептеледі, жанындай жақсы көретін малдың бірі. Жылқы деген әрі тамақ, әрі көлік. Жылқының мінезі де қызық, өзі қазақпен ортақтасып тұрады. Қазақ тұрған жердің бәрінде жылқының Керқұлан дейтін бір түрі болды. Ол 1917 жылға дейін бар болатын, содан кейін ол құрып кетті. Анау, Прежевальский жылқысы деп жүргені сол – Керқұлан. 1917 жылдан кейін ол тек Жоңғарияда бар-тұғын. Жылқының тағы бір Тарпаң деген тегі бар еді, оның ең соңғы тұяғы 1864 жылы Украин даласында оққа ұшты. Содан кейін Тарпаң болған жоқ, – деген болатын бір әңгімесінде этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы.
Әрине, бұл аттың арғы аталарының бірі осы Украин даласында оққа ұшқанын ешкім білген жоқ. Білген күннің өзінде, ұлан-асыр той үстінде ол кімнің есіне түсе қойсын. Сыйға алып барған ат ойламаған жерден мінез көрсеткенде, ел-жұрт шошыңқырап қалды.
Асаулық танытқан арғымақ аспанға шапшығанын қойғанда, төрдегі құрметті орында отырған маршал Буденный жүгіріп келіп, атты аялай берген. Қазақстан делегациясын бастап барған Нұртас Оңдасынов халқымыздың рәсімі бойынша тойға тарту ретінде әдейі арғымақ әкелгенін айтты.
– Аттың екі аяғын аспанға көтеріп, мінез көрсеткенін көрген жұрт «Аттарың асау ма, немене?» деп сұраған еді. Оған Мұхаңның қалжыңдап: «Ол асау емес, аттың сіздерге сәлем беріп жатқаны» дегеніне жұрт біраз күліп алды. Тойға келген Буденный трибунадан жүгіріп түсіп, қатты қызығып, аттан айырылғысы келмей, қызықтады да жүрді,-дейді Қасым Қайсенов.
Марқасқа маршал аттың сырын жақсы білсе керек. Сүйріктей сәйгүлікке қатты қызыққан. Ол жағына бір шығып, бұл жағына бір шығып, әбден ындыны құрыған. Аттың жал-құйрығына алма-кезек көз тастап, тосын тартуға таң-тамаша қалыпты. Арғымақты айналшықтап жүріп алған.
Атты тани білетіндерге дауа жоқ. Олар тұлпары қайсы, мәстегі қайсы – сыртынан қарап-ақ ажырата алады. Қазақ жерінен жаман аттың келмесін Буденный да білген. Ұлы далада аңызға айналған небір арғымақтар болғанын, бәлкім, естіген де болар. Бұрынғы қазақтардың да қайсыбірі болсын, аттың сыны мен жан-күйін жетік білуге талпынған. Белгілі сатирик-ақынымыз Қажытай Ілиясұлы соның бірі десе болады.
– Қазақ жылқының құйрығының өзін жеті-сегізге бөледі: қылыш құйрық, сымпыс құйрық, қисық құйрық, ұялы, шұбалаң, шалқұйрық, шолаққұйрық деп келеді. Қазақ үшін, алдымен, ат, сосын – бап. Екеуі бір жерден шықса, ол бәйгеден келеді. Пони деген, мәстек деген бізде болмаған. Жылқыны мен тоғызға бөлемін, қазақ соның ең тәуір нұсқасын алып қалған. Алайда, қазаққа біткен тұлпардың бәрін сыртқа, Ресейге алып кетіп қалып отырған, содан кейін өзімізге жылқы құтаймаған, – дейді Қажытай Ілиясұлы.
Украинаға алып барған ат та осындай текті тұқымнан болатын. Жетекке жүрмей жұлқынған аттан шошынған жұрт Әуезовтің тапқырлығына дән риза болады. Ел-жұрттың есін алған ер-тұрман мен қарасаң көз тоймайтын сұлу сәйгүлік тамаша тойдың сәнін кіргізген. Украин халқы Тарас Шевченконың бір жұртына айналған Қазақстаннан келген  тартуды ерекше ықыласпен қабылдайды.
– Күләш пен Шараның жетегіне ат жүрмей қойғанда, аттың күтушісі: «Бұл ат әйел адамның артынан ермейтін еді, басқа кісілер жетекке алсын» деді. Содан не істейміз, бір жағынан мен, бір жағынан Ермек Серкебаев ұстап едік, ат жүріп кетті,-дейді Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов.
Шынында, байқап қарап тұрсаң, жылқы да адам сияқты, өзіндік әртүрлі мінезі болады. Оның үстіне, той үстінде тарпандық танытқан тұлпар Қазақ даласынан барған емес пе. Күләш пен Шара әйел заты болғасын, жетегіне жүрмей қойған. Тектілігін танытқан.

                                                                                           Әнуарбек ӘУЕЛБЕК, Алматы.
11 мамыр 2019 ж. 1 454 0