№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Көп балалы аналар жәрдемақы алды

Көп балалы аналар жәрдемақы алды

Қазір қоғамда көп талқыланатын тақырып – атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу аясында өрбуде. Арнайы мекемелердің есігін қағып, тиісті нәпақаға қол жеткізуді мақсат еткен көп балалы аналардың бәрінің де тілегі – әр баласы үшін мемлекет бөлген қаражатқа ие болу. Иә, көпшілікті мазалаған бұл мәселе де өз кезегімен сәтін тауып жатыр. Оның дәлелі, «Қазпошта» аймақтық мекемесінің алдында ұзын-сонар кезекте тұрған көпбалалы аналар. Олар мемлекет белгілеген 21 мың теңгеге ие болып, қуаныштары еселене түсуде.

– Өзім алты баланың анасымын. Әйелдер – бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен жандар. Ана құрсағына біткеннен бастап анамен бірге тыныстап, анамен бірге тіршілік кешкен балалар өмірімнің екінші жартысы сынды. Олардың әрбірін өмірге алып келген сайын «қалай асыраймын, қалай есейтемін?» деген сауалдар жиі мазалайтыны рас. Әрқайсысына қажетті киім-кешек, құрал-сайман алып беру, қала берді замана көшінен жұрттың баласынан кем қылмай өсіру міндет. Енді осындай ауыр жауапкершілікті жеңілдетуге «Атаулы әлеуметтік көмек» келді. Аллаға шүкір, бес балама 133 мың 100 теңге көлемінде қаражат алып, бір марқайып қалдық. Ең бастысы, қажетті құжаттарды мерзімінде тапсырып, жобаның шартына әлеуметтік жағдайдың сай болуы, – дейді келінтөбелік көпбалалы ана Мөлдір Жаманқараева.
Ұрпақ қамын жалғаймын, қазақ демографиясының дамуына үлес қосамын деген аналардың материалдық көмек алуы орынды-ақ. Биылдан бастап өз күшіне енген игі жобаның халық үшін көрсеткен көмегі зор. Мұндай қолдауды сезінген әрбір ананың өмірге бала әкелуге құлшынысы арта түсері анық.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбектің мәлімдеуінше, АӘК көмек алу үшін сәуір айына 1062 отбасы өтініш білдірген. Ал, мамыр айынан бастап бүгінге дейін 300-ге жуық құжат жинақталуда. Көмекке қол жеткізгісі келген ата-аналар өтінішпен қоса жеке куәлігін алып келуі тиіс.
Ал, егер тез арада ақшаға қол жет­кізуім қажет деген аналар өздерімен бірге балалардың туу туралы куәліктерін, отбасындағы табыс көрсеткіші жайлы анықтамаларды тиісті мекемеге ұсына алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қор­­ғау министрлігінің хабарлауынша, елімізде 84 287 отбасыға атаулы әлеу­меттік көмек алу үшін 9,4 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде, 163 миллион 841 теңге сәуір айында жаңақорғандық аналарға төленді. Бұл орайда сала басшысының пікірін нақтырақ білуді жөн көрдік.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеу­меттік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Серікбек Өмірбек:
– Аталмыш көмек үшін сәуір айын­да 1062 отбасына тиісті қаржы төленді. Жалпы, қаржыға ие болған отба­сылар­дың 6270 жеке тұлға болса, оның 4318-і балалар. Осы мәселені түбегейлі шешіп, аналарға қуаныш сыйлау үшін күн-түн демей жұмыс жасаудамыз. Биыл сәуір айында қаражат алған аналар келесі жылдың сәуіріне дейін көмекпен қамтылады, – деді сала маманы.
Бәрін айт та бірін айт, 21 мыңның жырын айт! Бұл – әлеуметтік желіде желдей ескен сөздер. Қалай болғанда да, құжатты сапалы дайындағандар тиісті көмегін ала бастады. Сәуірдің бірінде мекемеге құжат тапсырған ана­лар мамырдың 1-2 сінен бастап тиісті қаржыға қол жеткізе бастады. Енді мамыр айына да құжаттар қабылданбақ екен.

Ханзада ДОШАН.
07 мамыр 2019 ж. 747 0