20 жылдық түлектер көп балалы сыныптасына баспана сыйлады

Түлектер игі іс жасап қуантқан көпбалалы Волокитиндер отбасы Қоссейіт ауылының тұрғындары.
Отағасы Андрей ауыл тұрғындарының тұрмыстық техникаларын жөндеп нәпақы тапса, Анастасия мен ересек перзенттері шаруа қожалықтарында жалдамалы жұмыс істеп, киім-кешек, қысқы азық-түліктерін түгендеп келген.
Тұрақты жұмыс болмаған соң отбасының баспана алуға да шамасы келмей, пәтер жалдап тұратын еді.
Осыны ескерген Қоссейіт ауылындағы "Сырдария" жалпы орта мектебінің 20 жылдық түлектері көпбалалы жанұяға ерекше сыйлық жасағысы келген.

Олар алдымен ауыл шетінен жер алып, үйдің іргетасынан бастап өру, сылау, шатырын жабу, әктеп-сырлау жұмыстарына дейін жүргізіп, кейін ауыл әкімдігімен бірлесе отырып үйге электр жарығы мен ауыз суды да қосып берген.

Айта кетейік, 20 жылдық түлектер бұған дейін өздері оқыған мектепке интерактивті тақта мен проектор, компьютер сыйға тартқан.