ШЫҢДАЛҒАН ШЫҢҒА ШЫҒАР
№169 Н.Илялетдинов атындағы жалпы орта мектебінің қазақ бастауыш сыныптары арасында «Бақытты балалық шақ» онкүндігі аясында көптеген сайыстар, ашық сабақтар, пәндік олимпиадалар өтуде. «Шыңдалсаң шыңға шығарсың» дегендей әрбір сайысқа үлкен жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен қатысып жүрген оқушылар белсенді.
Бастауыш сыныптар арасында өткен «Абай дана-Абай дара қазақта» атты мәнерлеп оқу сайысында оқушылар Абай Құнанбаевтың өлеңдерін нақышына келтіре орындады. Жүзден жүйрік шыққан 3-сынып оқушысы Сұлтанбек Дархан бас жүлдені жеңіп алды. Одан бөлек «Күн сыйлаған анама, гүл сыйлаймын» тақырыбында оқушылардың шығармашылығын арттыру мақсатында сурет салу сайысы ұйымдастырылды.
Мектеп кітапханасымен бірге «Үздік оқырман» тақырыбында 4-сынып оқушыларымен іс-шара өтті. Екі топқа бөлініп сайысқа түскен оқушылар да үлкен сөз шеберлігімен, белсенділігімен, білімділігін көрсетті. Әр пән бойынша ұстаздар ашық сабақ өтіп, тәжірибе алмасуда. «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» демекші, қай сабаққа кірсек те үлкен жауапкершілік пен жаңа әдіс-тәсілдер қолданып өтуде.
Сонымен қатар мектепте қазіргі таңда ата-анамен ұстаз бала арасындағы байланысты күшейту мақсатында бір ай бойы «Ашық есік күні» жарияланды. Нәтижесінде, ата-аналар күнделікті сабаққа қатысып, баласының оқу үлгерімін, тәртібін бақылап танысу үстінде. Әрине бала болашағымыз десек ата-ана мен мектеп тығыз байланыста болған жағдайда ғана келешек ұрпақтың кемел болары сөзсіз.
Мансия Абдуллаева.