2018 жылы елімізде 1290 адам сыбайлас жемқорлықпен ұсталған
Оның 25-і республикалық деңгейдегі, ал 91-і облыстық деңгейдегі басшылар.
Бұған қоса 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 21 миллиард теңге залал келген. Қазір оның 89 пайызы өндіріп алынды.
Алик Шпекбаев, ҚР МҚІСЖҚ іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Биыл біз осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, әсіресе құқық қорғау және сот орындарындағы жемқорлықпен кешенді түрде күреспекпіз. Бұл мәселеге азаматтық қоғамды да тартып, әр анықталған деректі бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отырамыз. Ұлттық бюро мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің осындай әдістері ғана сараң және екіжүзді шенеуніктердің заңсыз баюына тойтарыс береді.