№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғандықтар "Тұңғыш президент күнін" қалай атап өтті?

Жаңақорғандықтар "Тұңғыш президент күнін" қалай атап өтті?

    Халықтық мерекеге айналған Тұңғыш Президент күнін жаңақорғандықтар сән-салтанатпен қарсы алды. Ауылдық округтерде өткен мерекелік шара М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйіндегі концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Мәдениет үйіне кіре беріс фойеде Елбасы туралы тарихи кітаптар тізіліп, Президент туралы құнды мағлұматтардан сыр шертті. Яғни, аудандық кітапхана ұйымдастырған кітап көрмесі мерекелік шараның мәнін аша түсті.
    Сонымен, көптен күткен салтанатты шарада көп ұзамай шымылдығын түрді. Елбасының тұтас өмір жолын суреттеген бейне сюжет пен Қазақ хандығының дәуірін пролог арқылы суреттеген мәдениет үйінің қызметкерлері тарихқа шолу жасады. Бір сәтте сақ, үйсін дәуірінің құндылығын дәріптейтін «Алтын адам» шығып, Ұлы Дала Елінің шежіресінен сыр шертті. Тағылымды тарихпен тебіреткен қойылымнан кейін аудан әкімі Ғалым Әміреев құттықтау сөз алды.
– Бұл күн кешегіні саралап, бүгінгіні бағамдап, келешекке сеніммен қарайтын ұлы күн. Егемендік алған 27 жыл ішінде көрегенді Елбасымен бірге кең пейілді, көркем мінезді, жаны жомарт қазақ елі әлем елдерінің көшінде даңқты мемлекетке айналды. Яғни, саяси қиыншылықты еңсеріп, бүгінде әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Тәуелсіз елдің іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа айқын бағыт-бағдар беруде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ұшан-теңіз. Тоқырау жылдарында тұрақтылықты тұтастай етіп, елдігімізді түгендеуге, өткенімізді өшірмей, өлгенімізді тірілтуге қайта мүмкіндік алдық. Бүгінде Қазақстанның қуаты қарқынды, мақсаты айқындалып, өркениет көшінде ілгерілеп келеді. Оның ішінде біздің ауданның да қомақты үлесі бар. Жыл сайын Жаңақорған ауданы Сыр өңірінде дамудың жолын тауып, берекелі істердің ұйытқысы болып келеді. Мұның барлығы елін сүйген, елі сүйген Елбасының сындарлы саясатының арқасында. Сондықтан, біз әрқашан Президентпен біргеміз! – деді аудан басшысы.
Одан кейін, ауданның әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық саласының өсіп-өркендеуіне, рухани-мәдени тұрғыда кемелденуіне үлес қосып жүрген қызметкерлер марапат биігіне шықты. Облыс әкімінің «Алғыс хаты» Ахмет Әбутәліпұлы мен Ұлбосын Сансызбайқызына табысталды. Сондай-ақ, Омар Төлегенов, Меруерт Матеева, Жұлдыз Раматова, Ұлболсын Оралбаева, Бақытжан Шалабаев, Марал Сағындықова, Әшірәлі Ораз­гелдиев, Ербол Сүйіндіков, Бақберген Ергешұлы, Гүлайым Шәмшеева, Нұржан Ержігітовтың үлгілі жұмысы мен қажырлы еңбегі бағаланып, аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болды. Сондай-ақ, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас маманы Ғазиза Сәулебекованың да еңбегі лайықты бағаланды.
– Президент күні еңбегім еленіп, марапат биігінен көрініп жатқаныма өте қуаныштымын. Әрине, бұл тек маған ғана емес, ұстаздар қауымына жасалған құрмет деп білемін, – деді Ұлбосын апай.
Шара барысында Жасұлан Тұрапов және Айғаным Нұрмұхамбет мемлекеттік қызмет туралы ант қабылдады.
Елдіктің еңсесін тіктеген мерекелік жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздары ұйымдас­тырған концертпен жалғасты.
Сахна төрінде шырқалған әсем ән мен тәтті күй кештің шырайын кіргізді. Туған жер туралы патриоттық әндер мен Елбасы туралы әуендер көрермендерді серпілтіп тастады. Өнер ұжымының әрбір өлеңін ыстық ықыласпен қабылдаған жұрт­шылық керемет көңіл-күймен тарқасты.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.



08 желтоқсан 2018 ж. 897 0