«Алтын қалам-2018» жеңімпаздары анықталды
Барлығы 13 аталым бойынша 13 автор марапатталды. Байқаудың алғашқы кезеңінде www.akalam.kz веб сайты арқылы негізгі үміткерлер іріктелуі тиіс болатын. Аталған сайтта онлайн дауыс беру 1-қазанға дейін жалғасты. Əр аталымға ең көп дауыс жинаған 5 автор іріктеліп алынды. Кейін сарапшылар мен белгілі жазушылардан құралған қазылар алқасы ең үздік шығарманы басым дауыс бойынша таңдап алды. «Байқауымыздың сапасы да, жанрлық құрамы да өзгеріп келеді. Бірнеше елдің өкілдері қатысуда. Бізді қуантып жатқаны қазақ əдебиетіне тың өзгерістер еніп жатыр. Фантастика, детектив жанрларында да жақсы жаңалықтар бар. Байқауымыз жылдан жылға дамып, осындай жақсы сыйлықтарды лайықты азаматтар ала берсін»,- деді белгілі саясаттанушы, байқаудың ұйымдастырушылардың бірі Айдос Сарым. Байқау авторлары келесі жылы үздік сатиралық шығармалар топтамасын шығаруды жоспарлап отыр. «Келесі жылы байқауымыздың өтіп келе жатқанына 10 жыл толады. Конкурс 2009 жылдан бері ұйымдастырылады. Жылдан жылға қатысатын шығармалардың саны артып отыр. Биылдың өзінде 900-ге жуық шығарма түскен. Алтын қалам - қазіргі қазақ əдебиеті шығармаларының топтамасына, алтын қорына айналды. Келер жылы сатира жанрында осы уақыт аралығында келген 80 шығарманы топтастырып, кітап етіп шығаруды жоспарлап отырмыз»,- деді Қуат Домбай. «Жылдың үздік прозасы» аталымын талдықорғандық жазушы Есболат Айдабосын, «Жылдың үздік кино сценарийі және драматургиясы» аталымын Дүйсен Кеңес, «Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер әдебиеті» аталымы мен «Дарабоз» сыйлығын Бекен Ыбырайым, «Жылдың үздік сатирасы» аталымын алматылық жазушы Қанағат Әбілқайыр, «Жылдың үздік фантастикасы және детективі» аталымын белгілі журналист Нұртөре Жүсіп, «Қазақтың үздік романы» аталымын талдықорғандық жазушы Айдын Кәлімхан, «Жылдың үздік поэзиясы» аталымын Лариса Қалмағамбетова жеңіп алды. Сондай-ақ «Лучшая проза года» аталымын Дина Валуйских, «Лучшая детская и подростковая литература года «Дарабоз» аталымын - Жанаргүл Айзақова, «Лучшая сатира года имени Есенжола Домай» аталымын - Аркадий Теплухин, «Лушая фантастика и детективы года» аталымын - Николай Бычков, «Лучший кино сценарий и драматургия года» - Лариса Кольченко лайық деп табылды. Ал «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» сыйлығы белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековке табысталды.