» » ДАМЫТУДЫҢ БАСЫМДЫЛЫҚТАРЫ БАЯНДАЛДЫ

ДАМЫТУДЫҢ БАСЫМДЫЛЫҚТАРЫ БАЯНДАЛДЫ


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында көрсетілген міндеттерге кеңірек тоқталып, жан-жақты талқылау мақсатында Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы
Әсет Асаубаев арнайы келді.
Кездесуге модераторлық еткен аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков Жолдаудағы басым бағыттарды насихаттау мұратында республикада ақпараттық топтар құрылып, жер-жерлерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Әрі осындай мазмұнды кездесуге келген Әсет Асанұлы стратегиялық құжаттағы негізгі міндеттерге тоқталатынын жеткізді.
Өз кезегінде, комитет төрағасы Жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру міндеттеріне арналғанын тілге тиек еттіп:
– Елбасы азаматтардың әлеуметтік мәртебесін, өмір сүру сапасын және қоғам дамуын жақсарту үшін ауқымды шараларды белгіледі. Бұл – халықтың әл-ауқатын одан әрі жетілдіруге үлкен үміт береді. Соған байланысты, біз мемлекеттік органдар елімізді жаңғырту жөнінде қажетті бағдарламалық бастамалар жасап, солардың жүзеге асырылуына жауаптымыз, – деді.
Кез-келген мемлекеттің экономикалық қуатын арттыруда шағын және орта бизнеске арқау сүйеген индустриялық өндіріс орындары шешуші рөл атқарады. Қазақстанда индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңадан өндіріс орындары бой көтеруде. Кәсіпкерлік қанат жайып келеді.
– Қазақстан Республикасы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы бесжылдығында Сыр өңірінде 17 жаңа өндіріс орны ашылса, екінші бесжылдық аясында өңдеу өнеркәсібін әртараптандыруды және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейтін, құны 610 млрд. теңге болатын 24 жоба іске қосылып, 6 200 адам жұмыспен қамтылды.
Жалпы, Қызылорда облысында соңғы 3 жылда өнеркәсіп өнімінің сомасы 29 пайызға өсті. Яғни, 600 млрд. теңгеден 773 млрд. теңгеге ұлғайды. Одан бөлек, экономикалық белсенді халықтың үлесін арттыру мақсатында «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы іске асуда. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатарын толықтыруға ниет білдірген 1000-ға жуық адам «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне машықтанып, қажеттіліктеріне несие алды.
Бұл ретте, тарихи құжатта бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жарияланды. Бұл – бизнестің дамытатын ұтымды қадам, – деді Әсет Асаубаев.
Сондай-ақ, Жолдаудағы өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру басымдығына да тоқталды.
– Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы. Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй. Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Бұл ретте әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтау тапсырылды, – деді ол.
Мемлекет басшысының Жолдауын көрген азаматтар облыс әкімі Қырымбек Көшербаевты үлгі етіп көрсеткенін біледі. Неге десеңіз, Қызылорда облысында 2017 жылы тұрғын үй құрылысына қаржыландырудың барлық көздерінен 33,3 млрд. теңге бөлініп 612,3 мың шаршы метр, 5 339 тұрғын үй салынды. Оның ішінде, 3 478 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. 2018 жылдың 9 айында қаржыландыру көздерінен тұрғын үй құрылысына 24,8 млрд. теңге жұмсалып, 402,8 мың шаршы метр мөлшерінде 3 068 тұрғын үй бой көтерді. Бұл – республикадағы үздік көрсеткіштің бірі.
Сөз соңында әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс екеніне тоқталды.
– 2018 жылдың басты бағдарламалық құжатында мемлекетті дамытудың басымды­лықтары баяндалды. Осыған сәйкес, Елбасының қойған мақсат-міндеттерін бірлесе атқарғанда ғана жоғары деңгейдегі нәтижелерге жете аламыз, – деп түйіндеді комитет төрағасы.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
20 қазан 2018 ж. 641 0