№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көшті Бірлік бастады

Көшті Бірлік бастады


Ауданның тоқсан жылдық мерейтойы Ақүйік ауылдық округінде бастау алды. Ақүйіктік ағайын бұл күні таңның атысынан абыр-сабыр күйде. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, орталық алаңға жиналған Бірлік селосы тұрғындары Жаңақорған ауданы мен Халық ақыны Манап Көкеновтың 90 жылдығын атап өтуге қызу дайындық қамында жүр.
Аталмыш мерейтойдың бастауы Ақүйікте бастау алуында үлкен мән бар. Қашанда бірлігі мен ынтымағы жарасқан тау етегінде ауылдың ауыл халқы бұл күнді асыға күтіп, торқалы тойға тамаша тарту жасады. Мәдени шара Тәуелсіздікті сыйлаған бабалар рухына тағзым жасаумен басталды. Тағзым алаңына гүл шоқтары қойылып, Құран бағышталды. Одан кейін аудан және ауыл тарихынан сыр шертетін әдеби монтаж оқылды. Ал, ауыл кітапханасында ақын Файзулла Сахиевтың 70 жасқа толуына орай «Туған жер-менің жыр әнім» атты поэзия кеші өтті. Мерекелік шара аудандық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрмеге ұласты. Клуб үйінің маңында тігілген киіз үйде қолөнер бұйымдары сән түзеп, келушілер тұрмыстық салт-дәстүр көріністерін тамашалады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген ауыл жұрты тұсау кесер дәстүрін ұйымдастырды. Ал, ұлттық спорт түрінен сынға түскен саңлақтар шараның көркін ашып, аяқ допшылар жүлде жолында аянып қалмады. Қас қарайғанға дейін созылған ала доп бәсекесі ұжым-мекеме қызметкерлерінің аламанда басын түйістірді.
Мереке қарсаңында тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Белгілі кәсіпкер, «Асылжан KZ» ЖШС бас директоры Бақыт Берділлаев 11 отбасыға көмек көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Алдағы уақытта ауыл азаматтары спорт кешеніне кірісуге бел буып отыр. «Қазығы қағылып, дайын енді тек нақты іске кірісу керек» деген кәсіпкер Бақыт нысан ашылғаннан кейін жұмыссыз жандарды жұмысқа тартатынын жеткізді. Ал, «ZhasProject» жобасы арқылы Ademi_ R тігін шеберханасы жұмысын бастады. Іске кіріскен жастардың жаңа жобасын аудан әкімі ашып, табысқа жету жолында сәттілік тіледі.
Жалпы, Бірлік жастары «ZhasProject» жобасы аясында төрт жобаны жеңіп алып, 16 жасты жұмыспен қамтыды.
Ал, көпшілік асыға күткен «Елі дархан, қойнауы құт-Жаңақорған» атты мерекелік шара театрландырылған көрініспен ашылды. Ақүйіктіктерді мерекемен құттықтаған аудан әкімі Бірліктегі берекелі жұмыстарға оң бағасын берді.
– Биыл жастарға қатты мән беріліп, олардың жұмыссыздық мәселесін шешуде көп жұмыс атқарылды. Әсіресе, Бірлік ауылындағы жұмыс жүйелі. «ZhasProject» жобасы арқасында жұмыссыз жүргендер жұмыспен қамтылды. Енді тек нақты іске кірісу керек, – деген аудан басшысы ауылдың дамуына үлес қосып жүрген белсенді жандарды марапаттады.
Мерекелік шара ауыл өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасса, ауылдықтарға жылжымалы медициналық көмек қызметі ұсынылды.
– 1928 жылы іргетасы қаланған Бірлік колхозы бүгінде ынтымағы жарасқан ауылға айналды. Ел ырзығы, елдің несібесі арқасында, шүкір, бүгінде ауыл көркейіп, гүлденіп келеді. Аудандағы өзгеге үлгі боларлықтай дәрежеге жетіп келеміз. Мұның барлығы ағайынның ауызбіршілігі арқасында. Сондықтан, бірлігіміз жарасып, берекеміз арта берсін, – деді Сексенәлі Раханов.
Әлібек ТЕМІРБЕК.
25 қыркүйек 2018 ж. 1 052 0