№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАҢА МЕКТЕП балалар қуанышын еселеді

ЖАҢА МЕКТЕП балалар қуанышын еселеді


Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа Жолдауында білім саласына баса мән беруді тапсырып келеді. Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда «Адами капитал –
жаңғыру негізі» бағыты бойынша білім беру сапасына ерекше мән беріп, бұл істе озық жүйені қалыптастыру керектігін басты назарда ұстады. Бұл бағытта Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Мәселен, 2013 жылдан 37 апаттық жағдайдағы білім ошағы болса, бүгінге дейін оның барлығы шешімін тапты. Ал, жыл басынан бері облыс көлемінде 13 мектептің іргетасы қаланса, соның үштен бірі Жаңақорғанда. Оның бүгін айқын куәсі болдық.
1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов арнайы «Алтынсарин» мөлтек ауданындағы жаңадан бой көтерген №56 білім ордасының ашылуына қатысып, тұрғындар қуанышымен бөлісті.
– Тәуелсіздік алған уақытта Елбасы алдымызға төрт өзекті міндетті қойды. Егемен елдің іргетасын қалау, әлеуметтік бағдарламамен қоғам құру, нарықтық экономика қалыптастыру және қоғамдық ойды қайта құру, жаңғырту. Біз осы мүдде жолында жүйелі жұмыс жасап келеміз. Әлеуметтік бағдарламамен салынып жатқан бүгінгідей білім ордалары келешекке салынып жатқан инвестиция деп қарауымыз керек. ХХІ ғасыр Қазақстанның алтын дәуірі десек, сол алтын уақыттың ұрпағы да сондай қасиетке ие болу керек. Яғни, жаңа заманның шақыруларына біздің ұрпағымыз дайын тұру үшін жас ұрпақтың толыққанды білім алуына жағдай жасау біздің басты міндет, – деп жаңа нысанның ашылумен құттықтады.
Аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Изатілла Нәрзілдаев мектеп ұжымы мен кент тұрғындарын құттықтап, арнауын әдемі сөздерімен өрнектеді. «Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы болашақ ұрпақ үшін. «Кемел келешектің кілті – білімде», сондықтан бүгінгідей типтік үлгіде іргетасы қаланған мектептің өскелең ұрпақтың білім алуына үлкен септігін тигізері анық. Мерекемен қабаттаса келіп жатқан қос қуаныш құтты болсын», – деді И.Нәрзілдаұлы. Жылы лебізден кейін жаңа әлеуметтік нысанның лентасы қиылды.
Одан кейін облыстан келген делегация мектептің материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Мектеп директоры Мұхтар Абуталипов заман талабына сай салынған білім ордасы соңғы технологиялармен жабдықталғанын айтты. Тігін және ағаш өңдеу шеберханасы, спорт және мәжіліс залы, асхана мен кітапхана, мультимедиялық сынып, биология, химия, физика сыныбы бар. Шынын айту керек, мұндай мүмкіндік ескі мектепте болған емес-ті. Алдымен, қонақтар асханаға бет алды. Содан кейін спорт залдағы оқушылардың дайындығын көрді. Шәкірттермен тілдескен Руслан Рүстемұлы спортзалға күрес кілемі керек екенін ескертті.
– Ал оқушылар, мектеп ұнады ма?
– Әрине, өте қуаныштымыз.
– Енді сендер сабақты жақсы оқып, келешекте ел абыройын асқақтататын азамат болуыларың керек, – деген облыс әкімінің орынбасары кітапханадағы кітап қорымен танысты. Кітапханашы Набат Тілеубергенова 1270 кітап қоры бар кітапханамен таныстырғаннан соң, шығармашыл жастардың өнерін тамашалауға шақырды. Оқушылар алғыстарын өлеңмен жеткізді. 11-сынып оқушысы Ботагөз Иваш пен 6-сынып шәкірті Алтын Төлеген өлеңін оқып, қонақтар қошеметіне бөленді. Сосын мәжіліс залында болды. Онда домбыра үйірмесінің оқушылыры Құрманғазының «Балбырауын» мен «Адайын» орындады.
Үш тілділік, оның ішінде ағылшын тілін білу заман талабы десек, оны мектеп қабырғасында меңгерудің тиімділігі көп. Облыстан келген делегация соңына қарай мультимедиялық сыныпта болды. Онда ағылшын тілінің мұғалімі Дана Өтеева және Филипин елінен келген волентер Леонард Диго оқушылармен ағылшын тілінде сөйлесіп, бірге ән шырқады. Мектептің құрылыс жұмыстарына жоғары бағасын берген Руслан Рүстемов болашақта білімді де, білікті шәкірттерімен қуанта беруіне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, кенттегі Алтынсарин мөлтек ауданындағы №56 орта мектеп 1980 жылы ыңғайластырылған типте салынған. Мектеп 280 орындық болатын, тозығы жетсе де білім ошағында талай түлек тәлім алып шықты. Жаңа мектептің құрылысын «SCS Инжинирниг» ЖШС жүргізген болатын. Әрине, кемшіліксіз іс болмайды, алайда осындай білім үйіне жету де арман болатын. Міне, көптен күткен қуанышқа да куә болдық. Білім ошағы жылуы газбен қамтамасыз етілген. Бір сөзбен айтқанда, заманауи үлгіде салынған ғимаратта барлық жағдай жасалынған.
Қорыта айтқанда, биылғы жылдың өзінде Жаңақорғанда үш мектеп пайдалануға берілді. Бұл ауданның әлеуметтік жағдайының артып, халық санының өсіп келетінін көрсетеді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
04 қыркүйек 2018 ж. 1 553 0