Соңғы жаңалықтар

№78 (8991) 13

13 қазан 2026 ж.

№77 (8990) 10

10 қазан 2026 ж.

№76 (8989) 6

06 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ: НЕГІЗГІ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ: НЕГІЗГІ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР


2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы қолданысқа енгізілді. Аталған Заң мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіруге, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен жауапкершілігін нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды өзгерістерді қамтиды.

Жаңа Заңның қабылдануына Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негіз болды.
Заңның негізгі міндеттерінің бірі – сервис және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет моделіне көшу. Бұл ретте халықтың сұранысына бағдарланған, ашық әрі тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыруға, мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін арттыруға және кадрлық процестерді цифрландыруға басымдық берілген.
Сонымен қатар жаңа Заңда мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін жетілдіруге, қызметтік тәртіпті нығайтуға, тәртіптік жауапкершілік мәселелерін реттеуге және мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға бағытталған нормалар қарастырылған.
Осы өзгерістердің мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру, мемлекеттік қызметшілер үшін өзекті мәселелерге тоқталу мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Нұртаев Талғат Мұхамбетжанұлымен сұхбаттасқан едік.
– Талғат Мұхамбетжанұлы, жаңа Заңда мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігіне қатысты бірқатар өзгеріс көзделген. Атап айтқанда, тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімдеріне қандай жаңашылдықтар енгізілді?
– «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 64-бабының 4-тармағына сәйкес тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімдері нақты айқындалды.
Атап айтқанда:
  1. ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап екі айдан;
  2. сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап үш айдан;
  3. қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап төрт айдан;
  4. қызметке толық сай еместігі туралы ескерту, мемлекеттік қызметшінің лауазымдық деңгейін төмендету, сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тану түріндегі тәртіптік жазалар қолданылған күннен бастап алты айдан аспауға тиіс.
Ал мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза бойынша қолданылу мерзімі белгіленбейді.
Бұрын Заңның қолданыстағы редакциясында тәртіптік жазалардың барлық түрі бойынша қолданылу мерзімі алты айдан аспауға тиіс болатын. Жаңа нормалар тәртіптік жауапкершілік мәселелерін нақтылап, қолданылатын жазаның түріне қарай мерзімдерді саралауға мүмкіндік береді.
– Жаңа Заңда мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуге де ерекше мән берілген. Осы бағыттағы өзгерістерге тоқталып өтсеңіз.
– Иә, жаңа Заңда мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды нормалар бар.
Атап айтқанда, Заңның 64-бабының 2-тармағына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерді атқарумен тікелей байланысты болмаса да, мемлекеттік қызметтің қадірі мен беделіне нұқсан келтіретін кейбір әрекеттер мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар санатына жатқызылған.
Олардың қатарында есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді және прекурсорларды медициналық емес мақсатта тұтыну, сондай-ақ көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқару бар.
Мұндай әрекеттерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге қатысты Заңда көзделген қатаң шаралар қолданылады. Атап айтқанда, Заңның 64-бабының 6-тармағына сәйкес олар атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылуға жатады.
Бұл талаптар мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттырумен қатар, мемлекеттік аппараттың беделін сақтауға, қызметтік әдеп пен заңдылық талаптарын нығайтуға бағытталған.
– Тағы бір жаңашылдық – мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолданумен шектелмей, өзге де құқықтық ықпал ету шараларын қолдану мүмкіндігі. Осы шаралардың мәні мен түрлерін түсіндіріп өтсеңіз.
– «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 66-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шараларын қолдану көзделген.
Аталған шаралардың қатарына профилактикалық әңгімелесу жүргізу, жазбаша ескерту беру, мемлекеттік қызметшінің лауазымдық міндеттерін тиімді орындауы үшін қажетті құзыреттерін тексеру, мінез-құлқына қатысты жеке ұсынымдар беру, профилактикалық есепке алу және мониторинг жүргізу жатады.
Бұл шаралар мемлекеттік қызметшілердің қызметтік тәртібі мен жауапкершілігін нығайтуға, ықтимал тәртіптік теріс қылықтардың алдын алуға және қызметтік міндеттерді тиісінше орындауына ықпал етуге бағытталған.
Жалпы, жаңа Заңның нормалары мемлекеттік қызмет жүйесінде заңдылық пен тәртіпті нығайтуға, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға және халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін одан әрі күшейтуге негіз болады.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызмет туралы жаңа Заң мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, қызметтік тәртіп пен жауапкершілікті нығайтуға және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Заңда көзделген өзгерістерді дұрыс түсініп, белгіленген талаптарды сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Ал бұл өз кезегінде халыққа сапалы қызмет көрсетуге, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға және мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға ықпал етеді.
– Талғат Мұхамбетжанұлы, мемлекеттік қызмет туралы жаңа Заңның негізгі өзгерістерін түсіндіріп, маңызды ақпаратпен бөліскеніңіз үшін рақмет! Жауаптарыңыз мемлекеттік қызметшілерге жаңа нормалардың мәні мен маңызын тереңірек түсінуге көмектеседі деп сенеміз. Алдағы жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
   
14 қазан 2026 ж. 44 0