» » Сыр өңірінде мажар халқының бірегей өнері таныстырылды

Сыр өңірінде мажар халқының бірегей өнері таныстырылды


2026 жылғы 13 қазанда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Матьо халық өнері – мажар мәдениетінің мұрасы» атты халықаралық көрме ашылды. Алматы қаласындағы Мажарстан Бас консулдығы мен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесіп ұйымдастырған көрменің мақсаты – мажар халқының бай мәдени мұрасын Сыр жұртшылығына таныстыру.


Салтанатты шарада Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Жақсымұратұлы Сейілов пен Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулдығы Бас консулының орынбасары Чилла Барань құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Шара барысында қонақтарға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, картина сыйға берілді.
Көрмеге Мажарстанның Мезёкёвешд қаласындағы Матьо халқының ұлттық киімдері, көркем кестелері, тұрмыстық бұйымдары мен тарихи фотосуреттері қойылған. Матьо музейінің жәдігерлерімен қатар, жеке коллекционер доктор Маргит Бота мен халық өнерінің шебері доктор Шандорне Дулаидің қолөнер туындылары да ұсынылған. Қанық түстері мен гүлді ою-өрнектерімен ерекшеленетін Матьо халық өнері 2012 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген.
Бұған дейін Қырғызстан мен Алматы қаласында таныстырылған көрме Сыр өңіріне алғаш рет келіп отыр. Оның ашылуы 1956 жылғы Мажарстан революциясының 70 жылдығымен тұспа-тұс келді.
Көрмені Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінен 23 қазанға дейін тамашалауға болады.


Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы
13 қазан 2026 ж. 48 0