МЕРЕЙЛІ МАМАНДЫҚ ИЕСІ

Құт қонған Қандөз ауылының аядай ғана мектебінде қаншама шәкірт тәрбиеленіп, қияға қанат қағып келеді. Іргетасы тәуелсіздік жылдары қаланып, бүгінде ауыл білімінің тірегіне айналған мектепте білікті ұстаздар білім нәрін себуде. Талғат Байтілесов басқаратын оқу ордасының бүгінгі ахуалы жаман емес. Тозығы жеткен мекен биыл толықтай жаңарып, техникалық базасы түгенделіп келеді. Заманауи құрылғылар дың қажеттілігі жоқ емес. Дегенмен ауылдағы ағайынның көпткен күткен тілегі орындалды. Бізді мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырып, бүгін мен болашақтың бағыт-бағдарын саралаған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Нұрекеева мұғалім.
Назгүл Мұстафақызын қатардағы педагог кезінде сырттай танитынбыз, ал, орынбасарлық қызметке келгеніне жылдан енді асса да өзінің талапшылдығы мен тиянақтылығын көрсетіп үлгеріпті. Оны кешегі мектептің жөндеу жұмысындағы талабына тәнті болдық. Табынан тік тұрып, бір тыным таппаған Назгүл апаймен жеке өмірі туралы сөз тізгіндеп көрдік.
– Мен жалпы көршілес Көктөбе ауылының тумасымын. Бала кезден ұстаздық жолды таңдадым, менің арманым тарихшы болу еді. Менің әулетімде бұл салада жүрген жандар аз болмады. Атамның өзі ауыл мектебінде қаншама жыл директор болып еңбек етті.
Одан кейінгі жол жалғанып келеді. Қысқаша айтқанда, біздің әулет ұстаздар династиясы деуге болады. Үйде жалғыз қыз болған соң
қара шаңырақтан алыс оқытуға жүрексінді. Ауылдағы тоғыз жылдық мектепті тәмамдап, Түркістанға оқуға түстім, тек тарихшы
емес, информатика мамандығына жол түсті. Колледж бітірген соң ауылдағы мектепке жұмысқа орналастым. Одан кейін жоғары оқу орнынан диплом алып, мұғалімдік еңбек жолым басталып кетті.
– Мен 2007 жылы еңбек кітапшамды аштым. Алайда, екі жылдан кейін тұрмысқа шығып, 2009 жылы келіндік міндетім басталды. Мен
Қандөздің келінімін, 2011 жылы No240 Ғани Мұратбаев атындағы мектеп табалдырығын аттап, содан 15 жыл осы білім ордасында
еңбек етіп келемін. Информатикадан сабақ беремін. Осы жылдар ішінде екі сыныпқа жетекшілік жасап, бітіргіздім. 2002-2008 жылғы балаларды үлкен өмірге қанат қақтырдым. Қазір шәкірттерім түрлі салада еңбек етеді. Екінші бітігізген сыныбымның
алды биыл грант иелері атанып, жақсы оқу орындарында оқиды. Қазір мектепте 300-ге жуық оқушыға 46 мұғалім дәріс береді.
Мектептегі білім беру жүйесі жыл сайын өзгеріп, болашақтың бағдарламасына тым жылдам бейімделуде. Әсіресе, жасанды интелект бағыты қатты қарқын алды. Оны жетік меңгеру оқушылардың ең маңызды
бағыты.
– Жасанды интеллект қарқынды дамып, адамдардың дүниетанымына, әсіресе жастардың сана-сезіміне әсер етуде. Бұл
процесті тоқтату мүмкін емес, сондықтан оған дайын болу қажет. Ел Президентінің сөзінше, «басты міндет – кідіріссіз, батыл әрекет ету»,
өйткені кешігудің салдары өте ауыр болуы мүмкін. Еліміздің қазіргі міндеті – жасанды интеллектің мүмкіндіктерін пайдаланып, елді
қауіпсіз әрі дамыған қоғамға айналдыру. Сондықтан жасөскіндердің сауатты, әрі жылдам дамыған жүйеге дайын болуы аса маңызды, – дейді Назгүл апай.
Тек білікті қызметкер, аяулы ұстаз ғана емес, бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған Назгүл Мұстафақызын жақыннан тани түскен сайын
арманынан киелі келіндік міндетін жоғары қоятынын білдік. «Менің ішімде оты өшпей, шоғы сөнбеген арманым бар. Ол тарих пәнін әлі де
терең оқып, бір биікке өрлеу. Бала кездегі арманым осы пән болды. Одан қала берсе, алдымда мақсат көп.
Оның барлығы уақыттың еншісінде. Ошағымыз қара шаңырақтан бөлек болғанымен, ата-енемнің қасынан табылып, қас-қабағын бағып келемін.
Әли ТЕМІРБЕК




