№2 (8916) 10

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (8915) 6

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (8914) 31

31 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » » Білім мен бірлік тоғысқан орда

Білім мен бірлік тоғысқан орда


Машбек Нәлібаев ауылынадағы білім ошағына арнайы бас сұғып, №196 орта мектебінің бүгінгі жай-күйімен таныстық.


Бүгінде №196 мектепте 259 оқушы білім алуда. Мектеп ұжымы оқу-тәрбие жұмысын заман талабына сай ұйымдастырып, әрбір баланың қабілетін ашуға, сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бар күшін салып келеді.
Алдымен мектеп директоры Қуат Сұлтановпен тілдесіп, білім ордасының қазіргі жағдайына қанықтық.
– Мектебіміздің заманауи үлгіде еңсе көтеріп, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуы бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеуге кең тыныс беріп отыр. 300 орындық білім ошағында 15 сыныпта 259 оқушы білім алуда. Шәкірттерге жоғары білімді 46 ұстаз сабақ береді. Олар­дың 12-сі – зерттеуші, 16-сы – сарапшы, 7-і – модератор санатындағы педагогтер. Бұл көрсеткіш ұжымның кәсіби әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Мектепте бастауыш сынып оқушылары толықтай бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Сонымен қатар жоғары сыныптар арасында көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға да бір мезгіл ыстық тамақ беріледі. Балалардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Түске дейін негізгі сабақтар өтілсе, түстен кейін балалар өз қалаулары бойынша қосымша сабақтар мен түрлі үйірмелерге келеді, – дейді директор.
Мектептің басты байлығы – оның ұстаздары. Мұндағы мұғалімдер тек сабақ беріп қана қоймай, оқушының тұлға болып қалыптасып, елін сүйетін азамат болып өсуіне бағыт-бағдар береді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнар Құрбанбекова:
– Ауыл балаларының қабілеті жоғары. Тек соны ашып, бағыттай білу керек. Біз әр оқушының бойындағы мүмкіндікті байқап, соған қарай жұмыс жүргіземіз. Соның нәтижесінде шәкірттеріміз түрлі білім додасында топ жарып жүр, – дейді.
Құқық негіздері пәнінің мұғалімі Маһамадия Байсын оқушылардың жетістіктеріне ерекше тоқталды.
– Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға баса мән береміз. Соның нәтижесінде шәкіртіміз Елдана Әлібек облыстық олимпиадада 2-орын алып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл – оқушы еңбегімен қатар, ауыл мектебінің де абыройы, – дейді ұстаз.
№196 мектеп оқушылары білім сайыстарымен қатар спорттық және шығармашылық бағытта да жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Қазақ тілі пәні бойынша олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушылар да аз емес. Спорт саласында да мектептің мақтаныштары көп екен. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Біржан Иманбаевтың шәкірттері аудандық, облыстық спорттық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ал өнер бағыты бойын­ша Өскенбай Байқожаев жетекшілік ететін оқушылар республикалық деңгейде ауыл атын шығарып келеді екен.
Атап айтқанда, Нұрқанат Айтбек пен Мирас Сейдулла түрлі өнер байқауларында сахна төрінен көрініп, ел ықыласына бөленуде. Бұл – ауыл мектебінің жан-жақты тәрбие беретін орда екенін дәлелдейді.

Тарихы терең – тағылымы мол

№196 мектептің тарихы – ауыл тарихымен тамырлас. Білім ошағының іргетасы 1937–1938 оқу жылдарында қаланды. Үпен Ахметжановтың басшылығымен шағын комплектілі бастауыш мектеп ретінде ашылған оқу ордасында алғашында небәрі 12 оқушы білім алған. Кейін 1953 жылы ауыл тұрғындарының асар әдісімен салған жаңа мектебі пайдалануға беріліп, оқушылар саны 45-ке жетіп, ол кезде мектепте 4 мұғалім еңбек еткен.
Ал 1956–1957 оқу жылында мектеп 7 жылдық білім беру сатысына көтеріліп, 124 оқушыға 12 мұғалім сабақ берді. 1966 жылы Жаһад Әбдіреймовтың ұйымдастыруымен 145 оқушысы бар 8 жылдық мектеп болып қайта құрылды.
№196 орта мектебі 1997 жылға дейін «Политотдел» аталып келгені белгілі. Аталмыш мектетпі Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі Әмірхан Бөлеков 40 жыл басқарса, 90-жылдардан бері қарай Тілеухан Байсынов басқарды. 2000 жылдары ауыл ақсақалдары, жалпы қауым болып ұйғарым жасап, жұмысты қолға алды. Бұл істің басы-қасында Машбек Сапарбаев ақсақал жүрді. Мектеп құрылысы 2000 жылдың ортасында бітіп, пайдалануға берілді.

Ұстаздар шежіресі – мектеп мақтанышы

Мектеп қабырғасында әр жылдары Бектөре Ма­құлбеков, Жәнібек Әуелбеков, Құрбанқожа Әбішев, Нышан Әбуов, Серік­бай Сұлтанов, Теңгеш Барақбаева, Сиякүл Сәрсенова, Шәркүл Қалжанова, Бақыт Бөлекова, Жұпаркүл Мақұлбекова, Тұйғын Увашева сынды тағы да басқа білікті ұстаздар еңбек етті. Олардың әрқайсысы мектеп тарихында өзіндік із қалдырып, ауыл жастарының білім алып, азамат болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Ал 2017 жылы мектеп үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені жаңа типтік жобадағы 300 орындық заманауи ғимарат пайдалануға берілді. Кең, жарық сыныптар, пәндік кабинеттер, спорт залы мен асхана – барлығында оқушылардың сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасалған.
– Жаңа ғимарат бізге үлкен мүмкіндік берді. Материалдық-техникалық база жақсарды, оқушылардың білімге деген ынтасы артты. Ендігі мақсат – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білім сапасын одан әрі көтеру, – дейді мектеп басшысы Қуат Серікбайұлы.
Расында, №196 мектеп – Машбек Нәлібаев ауылының ертеңін тәрбиелеп отырған тәлім ордасы. Мұнда білім алған әрбір шәкірт – ел болашағы. Ұстаздар ұжымы осы жауапкершілікті терең сезінеді.
– Ауыл мектебі – білімнің бастау бұлағы. Үлкен өмірге жолдама беретін де ауыл мектептері. Ауылдан түлеп ұшқан азаматтар арасында ел басқарып, жоғары лауазымдарға қол жеткізген азаматтар аз емес. Міне, мықты білімнің іргетасы осындай ауылдағы шағын мектептерде қаланады, – дейді мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақнұр Түлтаева.
Иә, тарихы терең, ұжымы ұйымшыл, шәкірті талапты бұл білім ордасы алдағы уақытта да талай биіктерді бағындырары сөзсіз. Білім мен бірлік тоғысқан осындай мектеп барда ауылдың да, елдің де болашағы жарқын.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
10 қаңтар 2026 ж. 42 0