ҚАРТЫ БАР ЕЛ – ҚАЗЫНАЛЫ ЕЛ

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Жаңақорған ауданында аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге бағытталған тағылымды шаралар ұйымдастырылуда.
Аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбектің қолдауымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің есебінде тұрған қарт азаматтарға рухани-танымдық саяхат ұйымдастырылып, олар Түркістан облысындағы Арыстанбаб кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Сапар барысында қариялар тарихи-мәдени орындарды аралап, рухани тағылым алып, мазмұнды демалыс өткізді.
Сондай-ақ бүгін Жаңақорған кентіндегі «Ар Медиа» мейрамханасында «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты мерекелік шара ұйымдастырылады.
Тағылымды басқосудың негізгі мақсаты – ел ағалары мен ақ жаулықты әжелерге құрмет көрсетіп, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, үлкенге ізет, кішіге құрмет қағидатын нығайту.
Қариясы қадірлі елдің қазынасы мол. Аға буынға құрмет көрсету – ұрпақ тәрбиесі мен елдік дәстүрдің сабақтастығын айқындайтын асыл құндылық.



