№68 (8982) 8

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (8981) 5

05 қыркүйек 2026 ж.

№66 (8980) 1

01 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » ҚАЗАҚ ТҮСТІ ҚАЛАЙ ТАНЫҒАН?

ҚАЗАҚ ТҮСТІ ҚАЛАЙ ТАНЫҒАН?


Кеше Жәния қызым:
– Әке, жұмыстан келе жатқанда түрлі-түсті қағаз ала келіңізші! – деп өтініш айтты.
Жұмыстан қайтарда арнайы сауда орнына соғып, айтқанын алып келдім.
Үйге келген соң түрлі-түсті қағаздың 1-сынып оқушысына не үшін қажет болғанын сұрадым:
– Апайымыз түстерді ажыратуға тапсырма берді. Түрлі фигуралар жасап, түстерді үйренеміз, – деді.

Сол сәтте ойыма бір нәрсе келді. Балаға түсті ажыратуды үйрету маңызды. Ал біздің халық түсті бұрыннан қалай таныған?
Қазақ үшін түс – жай ғана түс емес. Біз «бояуы қанық», «түсі ашық», «реңі солғын», «өңі қою» деп түстің өзін әртүрлі сипаттап айтамыз. Мысалы, «бояуы қанық» дегенде түстің қанықтығын, айқындығын айтамыз. «Бояуы солғын» десек, өңінің көмескі екенін білдіреміз.

Тіпті бір түстің өзінен түрлі реңкті ажыратып, оған жеке атау берген-ді. Қызылдың қанығы, көктің мөлдірлігі, сарының алтыны, қараның қоюы... Бұл ерекшелік әсіресе жылқының түсін атаудан анық байқалады.

Қазақ жылқыны жай ғана «қоңыр» немесе «ақ» деп қоя салмаған. Боз – ақшыл, сұрғылт реңкті. Торы – қызыл-қоңыр. Құла – сарғыш, қоңырқай. Күрең – қою қызыл-қоңыр. Жирен – қызғылт-сарыға жақын. Бурыл – ақ пен қара түктер араласқан реңк.
Одан бөлек ақбоз, қарагер, қаракөк, сарыала, баран сияқты атаулар қалыптасқан.

Бұлардың әрқайсысы – көзбен көріп, салыстырып, айырмашылығын сезінуден туған атаулар. Өйткені қазақ үшін жылқының түсін тану – жай қызығушылық емес еді. Жылқы – көштің көлігі, ердің серігі, елдің байлығы болды. Сондықтан оның түсін, тұрқын, жүрісін, мінезін ажырату – күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды.

Ойланып қарасаңыз, бүгін Жәнияға апайы түрлі-түсті қағаз арқылы түсті ажыратуды үйретіп жүр. Ал қазақтың бұрынғы баласы түсті табиғаттан, жылқыдан, даладан үйренді.

Бірі – қағаздағы түсті таниды. Екіншісі – өмірдің өзіндегі реңкті таныды.
Сондықтан қазақ тіліндегі түске қатысты осыншама атау – жай ғана сөз байлығы емес. Бұл – қоршаған ортаны дәл бақылаудан, түсті салыстырудан, оның ең ұсақ реңктерін сезінуден қалыптасқан таным.

Бәлкім, Жәнияның бүгінгі түрлі-түсті қағазбен жасаған тапсырмасы да сол ежелгі танымның кішкентай жалғасы шығар.
Түсті көру – бір басқа.
Түсті ажырату – бір басқа.
Ал оның реңкін танып, дәл атау – үлкен мәдениет.

10 қыркүйек 2026 ж. 45 0