АУДАНДА ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Үкімет отырысы мен облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістен кейін аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбектің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында күн тәртібіне сәйкес жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды.
Ауданда үш ауысымды оқыту қаупі бар және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толық шешілген. Қазіргі таңда Қандөз және Ақсуат елді мекендеріндегі №240, №245 мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты аудан әкімі жауапты сала басшыларына нысандардағы жұмыстардың белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Сонымен қатар оқушылар тасымалы мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларды мектепке дайындау мәселелері де назардан тыс қалмады. Осы мақсатта аудан басшысы дәстүрлі «Мектепке жол» акциясын биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырып, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан балаларға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Мәжілісте сондай-ақ 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындық барысы және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендердің тазалығы мәселелері қаралды.
Жиын соңында аудан әкімі жауапты сала басшыларына жүктелген міндеттердің орындалуын қатаң бақылауға алып, әрбір тапсырма бойынша жүйелі әрі нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігін атап өтті.




