ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ НЕГІЗІНДЕ КӨРСЕТІЛЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте «Жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің экожүйесі» мәселесі қаралды. Аталған жиыннан кейін аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбектің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты қазіргі таңда барлық салаларда цифрландыруды дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданда 2026 жылдың 7 айында 53 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 5 714 қызмет көрсетілген. Жиында аудан әкімі мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, азаматтарға қызмет көрсету барысында заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігін атап өтіп, жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Күн тәртібінен тыс тұрғын үй құрылысының барысы қаралды.
Қазіргі таңда Жаңақорған кентінде әлеуметтік осал топтарға арналған 200 пәтерлі 50 тұрғын үйдің құрылысына 1,1 млрд теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Алайда аудан әкімі құрылыс жұмыстарының қарқыны баяу екенін айтып, жауапты сала басшыларына жұмысты жандандыруды және сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Сонымен қатар, мәжілісте тұрғындардың өтініштерін қарау және әрбір мәселе бойынша нақты, толық әрі негізді жауап беру мәселесі талқыланды. 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Жаңақорған ауданына «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 828 өтініш тіркеліп, бақылауға алынған. Оның ішінде 433 өтініш жеке тұлғалардан, 395 өтініш заңды тұлғалардан түскен. Аудан әкімі тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеу сапасын арттыруды, өтініштерді заң талаптарына сәйкес қарауды, негізсіз жауап беруге жол бермеуді және анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюды тапсырды.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы барлық берілген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.



