РЕКОРДТАРДЫ РЕТ-РЕТІМЕН ТАРҚАТАЙЫҚ

Әлем чемпионаты аяқталғанымен, оның қызуы әлі басылған жоқ. Жанкүйерлер әлі күнге дейін Испанияның тарихи жеңісін, Ламин Ямальдың жарқын ойынын, Родридің көшбасшылығын, Мбаппенің голдарын талқылап келеді. Алайда бұл мундиальда көпшілік назарынан тыс қалған тағы бір маңызды құбылыстар бар.
Дұрысы, биылғы әлем чемпионаты жеңімпазды ғана анықтаған жоқ, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан бірнеше тарихи межені қайта жазды. Кейбір рекордтар жарты ғасырға жуық уақыт бойы өзгермесе, енді бірі футболдың жаңа дәуірі басталғанын көрсетті. Әлем чемпионатының ыстығы толық басылмай тұрып, тасада қалған осы тарихи жетістіктің мәніне үңіліп көрейік.
1. 96 жылда алғаш рет Испания өз қақпасына бір гол жіберіп, әлем чемпионы атанды. Бұл – 2026 жылғы әлем чемпионатының ең ірі рекорды.
1930 жылдан бері әлем чемпионы болған құрамалардың ішінде ешқайсысы турнир барысында бір ғана гол өткізіп, алтын медаль иеленген емес.
Бұған дейінгі ең үздік көрсеткіш үш командаға ортақ болатын. Бірінші – 1998 жылғы Франция – 2 гол. Екіншісі – 2006 жылғы Италия – 2 гол. Үшіншісі – 2010 жылғы Испания – 2 гол.
Бүгінде VAR жүйесінің енгізілуі, ойын уақытының ұзартылуы, командалардың физикалық дайындығының артуы гол соғу ықтималдығын айтарлықтай көбейтті. Соған қарамастан Испания сегіз матчтың жетеуінде қақпасын голдан аман сақтап, тек ширек финалда Бельгиядан бір ғана доп жіберді.
2. Жеті «құрғақ» матч бұл да рекорд.
Қорғаныстың сапасын анықтайтын басты көрсеткіштің бірі – «құрғақ» матчтар саны. Италия құрамасы ондаған жыл бойы қорғаныс футболының символы саналған-ды.
2006 жылы олар жеті матчтың бесеуінде гол жібермеген. Испания бұл межені де артқа тастады. 2026 жылғы турнирде сегіз ойынның жетеуінде қарсыластарына гол соғуға мүмкіндік берген жоқ.
Бұл жай ғана рекорд емес. Бұл соңғы жылдары шабуыл футболы үстемдік етіп келеді деген пікірге қарсы қойылған ең мықты дәлел болды.
3. Мбаппе жаңа дәуірдің бетін ашты.
Бір кездері әлем чемпионатының басты тұлғасы Пеле болды. Кейін бұл мәртебені Марадона иеленді. XXI ғасырда бүкіл футбол әлемі Месси мен Роналдудың бәсекесін тамашалады. 2026 жылғы мундиаль осы дәуірдің аяқталғанын аңғартты.
Килиан Мбаппе әлем чемпионатындағы гол санын 22-ге жеткізіп, Лионель Мессиді басып озды. Бұған дейінгі рекордты Мирослав Клозе 16 голмен сақтап келген еді.
Бірақ ең маңыздысы бұл емес. Француз шабуылшысы қатарынан екі әлем чемпионатында «Алтын бутсы» жеңіп алған алғашқы ойыншы болды.
4. 48 құрама – әлем чемпионаттарының ең үлкен реформасы.
Бұл рекорд сандардың ғана өзгеруі емес.
1930 жылы алғашқы әлем чемпионатына небәрі 13 құрама қатысты.
1934 жылдан 1978 жылға дейін – 16.
1982 жылы – 24.
1998 жылдан бері – 32.
Ал 2026 жылы алғаш рет 48 құрама бақ сынады.
Бұл өзгеріс матч санын 104-ке жеткізді, әлем чемпионатын тарихтағы ең ұзақ турнирге айналдырды, жанкүйерлер саны бойынша да жаңа рекорд орнатты.
Ең бастысы – футбол географиясы кеңейді.
5. Кабо-Верде – әлем чемпионаттарының ең үлкен ертегісі.
Расында, халқы небәрі жарты миллионнан асатын арал мемлекеті әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты. Салыстырып қарасақ, Қызылорда облысынан жер көлемі, халқының саны жөнінен де аз мемлекет таризи ерлік жасады.
Тұрғын саны бойынша бұған дейін мұндай жетістікке жеткен мемлекет болмаған.
Бұл нәтиже 48 құрамалы форматтың тиімділігін көрсеткен алғашқы тарихи мысал ретінде бағаланып отыр.
Яғни ФИФА кеңейту реформасы әлсіз құрамаларды көбейтіп жіберген жоқ, керісінше жаңа футбол елдерінің қалыптасуына мүмкіндік берді.
6. Англия мен Франция 44 жыл бойы жаңармаған межені бұзды.
Үшінші орын үшін матчтар көбіне сақ ойынмен өтетін.
Бірақ Англия мен Франция 6:4 есебімен аяқталған кездесуде 10 гол соғып, қола матчтарының тарихындағы ең нәтижелі ойынды өткізді.
Бұған дейін 1958 жылы Франция – Батыс Германия үшінші орынға таласып, 6:3 есебі тіркелген еді.
Бұл кездесу қазіргі футболдағы шабуыл қарқынының қаншалықты артқанын көрсетті.
Достар, бәлкім, біз назардан тыс қалдырған тарихи рекордтар да бар шығар. Ондай деректерді білсеңіздер, пікірде бөлісіңіздер. Ең қызықты статистикалар мен тарихи мәліметтерді бірге толықтырайық.
Нұрлат Байгенже




