Ұлттық Домбыра күні кең көлемде аталып өтті

«Шаңырақ» аллеясында Ұлттық Домбыра күніне арналған «Домбыра – ұлтымыздың жүрегі, Жаңа Конституция – ұлттық құндылықтарымыздың кепілі» атты мәдени іс-шара өтті.
Мерекелік кештің мақсаты – халқымыздың киелі мұрасы саналатын домбыраны ұлықтау, ұлттық өнерді насихаттау және жаңа Конституцияның қоғамдағы маңызын дәріптеу болды.
Іс-шара жастар ресурстық орталығының директоры Орынбасаров Наурызбай Ерікұлының құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен құқықтық мемлекет қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, барша тұрғындарды Ұлттық Домбыра күнімен құттықтады.
Мерекелік бағдарлама барысында өнерпаздардың орындауындағы «Домбыра болып сөйледім», Құрманғазының «Балбырауын» күйі, Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» әні көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жас домбырашылар мен олардың ұстаздарының өнері ұлттық өнердің сабақтастығын айқын көрсетіп, кештің сәнін келтірді.
Домбыра – халқымыздың рухани болмысы мен мәдени мұрасының мәңгілік символы. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жас ұрпақтың бойына ата дәстүрге деген құрметті сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Баршаңызды Ұлттық Домбыра күнімен құттықтаймыз! Қасиетті қара домбыраның қоңыр үні әр шаңырақтан үзілмей, ұлттық рухымыз асқақтай берсін!




