Поэзияға толы тылсым түн...

А.Сопыбеков атындағы аудандық кітапхана жанынан құрылған «Поэзия патшалығы» клубының ұйымдастыруымен ерекше форматтағы «Поэзия түні» әдеби кеші Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылдық округіне қарасты Жаманбай батыр ауылындағы табиғаты көркем Бағлан бауында өтті. Жаздың жайма шуақ кешінде табиғат пен поэзия үндесіп, ақындардың жүрек түкпірінен шыққан сырлы жырлары әуелеп, айналаны ерекше рухани атмосфераға бөледі. Әрбір оқылған өлең – көңілдің күйі, жүректің үні, өмірдің өрнегі болып, жиналған қауымға терең әсер сыйлады.
Табиғат аясында өткен бұл поэзия кеші қатысушыларға шабыт пен серпін беріп, әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыра түсті. Ақындар еркін ой толғап, туған жер, ел, махаббат, адамгершілік тақырыптарындағы жүрекжарды жырларын оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Поэзия мен табиғат тоғысқан бұл әсерлі кеш ұзақ уақыт жадыда сақталар жарқын естелікке айналды. Өнер мен руханиятты ұлықтаған «Поэзия түні» қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, шығармашылық шабыттың жаңа белесіне жетеледі.
Жыр қонған түннің шырағы сөнбесін, поэзияның асқақ үні әрдайым жүректерден орын ала берсін!




