
Көлік айдаймыз. Күн сайын бағдаршамда қызыл жанса тоқтаймыз, жасыл жанса жүреміз. Бала күнімізден үйренген қарапайым ереже сияқты көрінеді.
Бірақ ойланып көрдіңіз бе? Неге дәл қызыл түс «тоқта» дегенді білдіреді? Неге көк немесе сары емес?
Біле білсек, бұл таңдау кездейсоқ жасалмаған.
XIX ғасырда теміржол көлігі қарқынды дами бастағанда пойыздың қозғалысын реттеу қажет болды. Сол кезде қызыл түс қауіп пен тоқтаудың белгісі ретінде қолданылған. Себебі қызыл түс жарық спектрінде ең ұзын толқынға ие. Ол тұман, жаңбыр немесе шаң кезінде басқа түске қарағанда алыстан жақсы көрінеді.
Теміржолдағы бұл тәжірибе кейін автомобиль дәуіріне көшті. 1914 жылы АҚШ-та алғашқы электрлі бағдаршам орнатылғанда қызыл түс қозғалысты тоқтатудың ресми белгісі ретінде бекітілді.
Ал жасыл түс жүруге рұқсат беретін белгіге айналды. Өйткені ол көзге жайлы қабылданады және қызыл түспен оңай ажыратылады.
Бір қызығы, алғашқы теміржол сигналында жасыл түс «сақ бол» дегенді білдірген. Ал «жүруге болады» белгісі ретінде ақ түс қолданылған. Кейін бұл жүйе өзгертілді. Себебі ақ шам басқа жарықтармен шатастырылып, бірнеше ірі апатқа себеп болған-ды.
Содан бері қызыл – тоқта, сары – дайындал, жасыл – жүр деген ереже бүкіл әлемге тарады.
Қызыл түстің талабын орындамаудың құны арзан емес. Үлкен көлемде айыппұл арқалайсыз, тіпті жүргізуші куәлігінен айырылып қалуыңыз да мүмкін.
Бүгінде біз бағдаршамның қызыл түсіне тоқтағанда, жүз жылдан астам уақыт бұрын теміржолшылар ойлап тапқан қауіпсіздік жүйесіне бағынатынымызды көп жағдайда аңғара бермейміз.
Кейде күнде көріп жүрген қарапайым дүниенің артында тұтас бір тарих жатады.