МУЗЕЙ ҚОРЫ ТОЛЫҚТЫ

Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі туған жердің тарихын түгендеп, насихаттаумен жүйелі түрде айналысып келеді. Бүгін кент тұрғыны Әшіров Нұрлан Қалдарбекұлы өзінің әкесі Әшіров Қалдарбек пен анасы Әйтекеева Зылиханың тұрмыста пайдаланған заттарын, атап айтқанда сандық жүкаяғымен, су таситын иінағаштар, чемодан, суреттерін музей қорына әкеліп табыстады.
ҚАЛДАРБЕК ӘШІРОВ - 1907 жылы Жаңақорған кентінде шаруаның отбасында дүниеге келген. Ауыр тұрмыс тауқыметін ерте арқалаған жас жігіт, жалшылықтан шығып 1926-1929 жылдар арасында Өзбек ССР-нің Алтынтөбе, Шыршық елді мекендерінде және Жаңақорған санаторийінде жұмыс істеген. Кейіннен Шымкент қаласындағы Партия мектебінің курсында оқып, Горняк қосалқы шаруашылығында жұмысшылар комитетінің, Жаңақорған ауылдық Кеңесінің председателі, аудандық Советі атқару комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған.1931 жылы 4 қарашада КПСС мүшесі , 1936 жылы Шымкентте Облыстық Советі атқару курсында оқиды. 1937-1947 жылдар аралығында «1 май» колхозы председателінің орынбасары, кейін Шиелі аудандық партия бөлім меңгерушісі, Жаңақорған жұмысшылар артелінің председателі қызметтерін атқарады.
Коммунист Қ.Әшіров партия тапсырған жұмыстың барлығын адал атқара білген. Еңбегі жоғары бағаланып «Еңбектегі ерлігі» үшін медалімен «КПСС қатарында 50 жыл» белгісімен марапатталады. 1947 жылдан зейнетке шыққанға дейін аудандық дайындау мекемесінде әртүрлі қызметте істеген.Еңбегі ерен ардагер 83 жасқа қараған шағында дүниеден өткен.



