№46 (8960) 20

20 маусым 2026 ж.

№45 (8959) 16

16 маусым 2026 ж.

№44 (8958) 13

13 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » САУЛЫҚ САҚШЫСЫ ҺӘМ ШИПА ОРДАСЫ

САУЛЫҚ САҚШЫСЫ ҺӘМ ШИПА ОРДАСЫ


Бір ғасырдан астам тарихы бар, емдік шипалы балшығымен танымал Жаңақорған шипажайының мыңдардың дертіне дауа емдік қасиетін екінің бірі мойындайды. Осы іргелі мекеменің бас дәрігері Рысбек Тасжанов – туған жер медицинасына үлес қосып, білім мен тәжірибесін ел игілігіне арнаған білікті маман.


Рысбек дәрігерлікке бала күнінен қызығып өсті. Қожакент ауылындағы орта мектепте оқып жүргенінде адам жанына араша түсе­тін мамандық – дәрігер болуды арманда­ған ол Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне түсіп, хирург мамандығын алып шықты.
Ол еңбек жолын аудандық емханада онколог болып бастады. Адам денсаулығы жолындағы ізденісі мен жауапкершілігі оның кәсіби тұрғыда шыңдалуына жол ашты. Кейін Шалқия шипажайында қызмет атқарып, сана­торийлік емдеу бағытындағы кешенде тәжі­рибесін толықтырды. Одан әрі Жаңақорған шипажайында уролог-дәрігер ретінде қызметке кірісті. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында бүгінде ол шипажайдың бас дәрігері қызметін атқарып келеді.
Бұл өңірдің басты ерекшелігі – минералдарға бай емдік суы мен Теріскен көлінің шипалы балшығы. Табиғаттың осындай байлығы бүгінде сан мыңдаған адамға саулық сыйлап келеді.
Қазіргі уақытта шипажайда 200-ден астам қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері, зертхана мамандары мен қызмет көрсету саласының өкілдері бар. Жыл сайын мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден шамамен 14 мыңға жуық адам келіп, ем қабылдайды.
Шипажайдың негізгі бағыттының бірі – урологиялық және гинекологиялық ауруларды емдеу. Бас дәрігер Рысбек Тасжановтың айтуынша, емделушілердің 70-80 пайызы осы сырқаттар бойынша көмекке жүгінеді. Ал дұрыс тағайындалған емнің нәтижесінде науқастардың шамамен 80 пайызы сауығып, денсаулығын қалпына келтіріп жатады. Сонымен қатар мұнда артрит, остеохондроз, жүйке жүйесі аурулары және тірек-қимыл аппараты сырқаттарын емдеу жолға қойылған.
Жаңақорған шипажайының басты артық­шылығы – табиғи факторларды медицинамен ұштастыра білуінде. Минералды су мен емдік балшықтың адам ағзасына әсері ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Сондықтан мұнда келушілер дәрі-дәрмекпен қатар табиғи емнің де шипасын көреді.
– Біздің шипажайға келетін азаматтардың басым бөлігі урологиялық және гинекологиялық сырқаттармен келеді. Бұл аурулар адам өмірінің сапасына тікелей әсер етеді. Кейбір науқастар ұзақ уақыт бойы түрлі ем қабылдап, нәтиже көрмей жатады. Ал табиғи факторлармен кешенді ем жүргізілгеннен кейін көптеген пациенттердің жағдайы жақсарып, тіпті операциясыз-ақ оң нәтижеге қол жеткізіп жүргендер аз емес. Әрине, әр науқастың жағдайы әртүрлі. Сондықтан біз ең алдымен тексеруден өткізіп, диагнозына сай ем тағайындаймыз. Ең бастысы – ауруды асқындырмай, дер кезінде дәрігерге қаралу қажет, – дейді бас дәрігер.
Маманның айтуынша, табиғи балшық пен минералды судың адам ағзасына әсері өте жоғары. Әсіресе қабыну процестерін азайтып, қан айналымын жақсартуға, иммундық жүйені күшейтуге септігін тигізеді.
Бүгінде шипажай ұжымы тек табиғи емге ғана сүйеніп қоймай, заманауи медициналық әдістерді де қолдануда. Диагностикадан бастап емдеу процесіне дейінгі жұмыстар кешенді түрде ұйымдастырылған. Шипажайға келген әрбір емделуші алдын ала тексеруден өтіп, жеке емдеу бағдарламасы жасалады. Минералды ванна, емдік балшық, физиотерапия, массаж, емдік дене шынықтыру секілді қызметтер бір-бірімен үйлестіріледі.
– Қазіргі медицина тек дәрі-дәрмекпен шектелмейді. Ағзаның табиғи қалпына келу мүмкіндігін дұрыс пайдалану маңызды. Жаңақорған шипажайының ерекшелігі де осында. Біз әрбір емделушінің жағдайына қарай жеке тәсіл қолданамыз. Көп жағдайда созылмалы аурулардан зардап шегіп жүрген адамдардың денсаулығы жақсарып, өмір сапасы артады. Ең қуантатыны – ем алып кеткен азаматтардың қайта келіп, алғысын айтып жататыны. Сондықтан ұжыммен бірге сапалы қызмет көрсетуге ерекше мән береміз. Емнің нәтижелі болуы дәрігер мен науқастың өзара сеніміне де байланысты, – дейді Рысбек Тасжанов.
Иә, туған жердің перзенті ретінде ел саулығын жақсартуға үлес қосып жүрген маман үшін адам денсаулығы – ең басты құндылық. Оның жетекшілігімен шипажай ұжымы халыққа сапалы қызмет көрсетуді, дәстүрлі шипаны заманауи медицинамен ұштастыруды басты мақсат етіп келеді.

P.S.: Ұлт саулығына қызмет ету – абыройлы міндет. Ал табиғаттың сыйын адам игілігіне жаратып отырған Жаңақорған шипажайы мен оның ұжымы осы міндетті абыроймен атқарып келеді. Ғасырлық тарихы бар қарашаңырақ әлі талай адамның дертіне дауа болып, саулығын нығайту жолындағы игі қызметін жалғастыра бермек.

Айсұлу Алданазар

20 маусым 2026 ж. 34 0