№46 (8960) 20

20 маусым 2026 ж.

№45 (8959) 16

16 маусым 2026 ж.

№44 (8958) 13

13 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Мерекелік марапат иесі

Мерекелік марапат иесі


Медицина қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында Төменарық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Еркін Мақсатұлының есімі ерекше аталып, мерекелік марапатқа ие болды. Ақ халатты абзал жанға көрсетілген бұл құрмет – оның бірнеше жыл бойғы табанды еңбегіне, тұрғындардың саулығын сақтау жолындағы жанкешті қызметіне берілген лайықты баға. Сахна төрінен марапат алып тұрған медицина маманы бұл қуаныш қана емес, артылған сенім мен жауапкершіліктің де көрінісі еді.


Жалпы, дәрігер мамандығы – адам өмірімен тікелей байланысты қасиетті кәсіп. Кез келген жан бұл жолды таңдай алмайды. Өйткені ақ халат кию үлкен біліммен қатар, мейірім мен төзімділікті, жауапкершілік пен жанашырлықты талап етеді. Осы талаптардың үдесінен шығып, халық алғысына бөленіп жүрген мамандардың бірі – Еркін Мақсатұлы.
Ол Түркістан облысы, Шорнақ ауылының тумасы. Туған жердің топырағында ер жетіп, мектеп қабырғасында жүріп-ақ болашақ мамандығын айқындап қойған еді. Адамға көмек көрсетуді, сырқат жандарға шипа болуды бала кезден армандаған талапкер мектепті тәмамдаған соң Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдарда теориялық білімді терең меңгеріп қана қоймай, дәрігер мамандығының қаншалықты жауапты екенін де жан-жақты түсінеді. Жоғары оқу орнын жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша аяқтаған ол еңбек жолын Төменарық дәрігерлік амбулаториясынан бастайды.
Жаңа орта, жаңа ұжым, жаңа мекен. Дегенмен жас маман қысқа уақыт ішінде ұжыммен де, тұрғындармен де етене араласып, өзінің іскерлігімен, кәсібіне деген адалдығымен көпшіліктің құрметіне ие болды. Алты жылға жуық уақыт Төменарық елді мекенінің тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп келе жатқан дәрігер үшін әрбір науқастың жағдайы, әрбір емделушінің тағдыры маңызды.
Ауылдық жердегі дәрігердің жұмысы ерекше. Себебі мұнда маман тек қабылдау жүргізіп қана қоймайды. Шақыртуларға шығады, егде жастағы адамдардың жағдайын бақылауда ұстайды, балалардың денсаулығына көңіл бөледі, жүкті аналарға кеңес береді, шұғыл жағдайларда алғашқы көмек көрсетеді. Кейде бір күннің ішінде ондаған адамның мәселесіне араласып, сан түрлі диагнозбен бетпе-бет келуге тура келеді.
– Дәрігер болу – мен үшін жай ғана мамандық емес, өмірлік таңдау. Бала кезден осы саланы армандадым. Университет қабырғасында оқып жүргенде-ақ адам өміріне жауап беру оңай емес екенін түсіндім. Қазіргі таңда ауылдық жерде еңбек етіп жүргеніме еш өкінбеймін. Керісінше, халыққа жақын болып, олардың алғысын есту мен үшін үлкен бақыт. Кейде түннің бір уағында шақырту түседі, кейде мереке күндері де жұмысқа шығуға тура келеді. Бірақ мұның бәрі дәрігерлік қызметтің ажырамас бөлігі. Науқастың жағдайы жақсарып, сауығып кеткенін көру біз үшін ең үлкен марапат. Адамдардың «рахмет» деген бір ауыз сөзі талай қиындықты ұмыттырады. Сондықтан бұл кәсіпті таңдағаныма қуанамын. Ең бастысы – халықтың сенімін ақтау, – дейді Еркін Мақсатұлы.
Жас маман еңбек жолында түрлі жағдайларды бастан өткерді. Жедел жәрдем шақыртулары, ауыр науқастар, балалар денсаулығына қатысты мәселелер, созылмалы аурулары бар тұрғын­дарды бақылау – күнделікті жұмыстың бір бөлігі. Соған қарамастан ол өз білімін жетілдіруді ешқашан тоқтатқан емес. Заманауи медицинаның жаңалықтарын меңгеріп, біліктілігін арттыру курстарына тұрақты қатысып келеді.
– Медицина – үнемі ізденісті қажет ететін сала. Кеше ғана қолданылған емдеу тәсілі бүгін өзгеруі мүмкін. Сондықтан дәрігер әрдайым оқып, ізденіп, жаңашылдыққа бейім болуы керек. Университетті бітіргеннен кейін білім алу тоқтап қалмайды. Үздіксіз оқу кәсіби міндетіміз. Себебі адамның денсаулығы мен өмірі бәрінен қымбат. Кейде бір дұрыс қойылған диагноз немесе уақытылы көрсетілген көмек адамның тағдырын өзгертіп жатады. Осындай сәттер дәрігер мамандығының қаншалықты маңызды екенін сезіндіреді. Мен үшін ең басты құндылық – адамдардың саулығы. Сол сенімді ақтап, халыққа сапалы қызмет көрсетуге әрдайым дайынмын. Ал мереке қарсаңында көрсетілген құрмет тек маған ғана емес, медицина саласында еңбек етіп жүрген барлық әріптестеріме берілген баға деп қабылдаймын, – дейді дәрігер.
Иә, адам өміріне араша түсіп, халық саулығын сақтауды басты парызы санаған Еркін Мақсатұлы сынды мамандардың еңбегі құрметке лайық. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында алған марапаты оның бірнеше жылдық қажырлы ең­бегінің жемісі ғана емес, тұрғындардың сенімі мен алғысының көрінісі. Ақ халатқа адалдық танытып, адам жанының арашашысы бола білген ол алдағы уақытта да кәсіби білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, ел саулығы жолындағы абыройлы қызметін жалғастыра бермек. Өйткені адам өмірінен асқан құндылық жоқ, ал сол құндылықтың күзетінде тұрған абзал жандардың еңбегі қашанда қастерлі.

Айсұлу АЖАНХАНҚЫЗЫ
20 маусым 2026 ж. 39 0