№42 (8956) 6

06 маусым 2026 ж.

№41 (8955) 2

02 маусым 2026 ж.

№40 (8954) 30

30 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ЕКПІНДІНІҢ ЕРКІНІ

ЕКПІНДІНІҢ ЕРКІНІ




Еркін Дүйсенбаевтың есімінің елге ерте танылуына оның ерекше ізденімпаздығы, жан-жақты жаңашылдығы себеп болды десек қателеспейміз. Әлі есімізде, 2003 жылдың жаз айында ауданымыздағы «Тау самалы» сауықтыру-тынығу лагерінде облыс көлеміндегі барлық мектеп директорлары «Инновациялық білім берудегі мектеп ұжымының міндеттері» атты тәжірибе алаңында бас қосты. Осы шараны жазуға арнайы барып, небір қызық идеяларға кенелдік. Соның басында тың ұсыныс-пікірлерімен оза шауып, оқшау танылған өз ауданымыздың екі бірдей азаматы – Екпінді және Өзгент ауылындағы орта мектептіің директорлары Еркін Дүйсенбаев пен Нұралы Әбілқасымовты бүгін көріп танып тұрғандай әсер алып едік. Ауылда туып, ауыл мектебін басқарып жүріп те білім кеңістігіне еркін жүзіп, ерекше ілімді меңгеруге болады екен ғой. Ол үшін не керек, уа не керек? Ол үшін ұстаздықты сүйген, бүкіл күш-жігерін, арман-мақсатын соның жолына пида еткен періште тілек, бейкүнә жүрек керек.

Бұл екі кісі де соның шын егелері екеніне көп ұзамай көптің көзі жетті. Екеуі де облыс көлемінде ұстаздардың біліктілігін арттыруға арналған бағдарламалар, әдістемелік кешен, жалпы айтқанда, жаңаша оқытудың озық методикасын құрастырып таратуда тәжірибе алаңын қалыптастырды. Екеуінің де әлі алда алар асуы мол, шығар шыңы биік еді. Амал не, тағдыр оған жеткізбеді. Екеуі де орта жолда ажал тырнағына ілігіп, арманда кетті.
Уақыт бір орында тұрмайды. Замана дөңгелегі ілгері жылжыған сайын дәстүрлі оқыту халықаралық озық үлгілермен толыға түсті. Әлемдік деңгейде жаңаша оқытудың амал-тәсілдері жаппай тәжірибеге енген сонау жылдары әріптестері болып бұл жаңалықтарды бұдан бұрын өз қатарларында жүрген жаңашыл ұстаз Еркіннің еркін меңгеріп, оны өзінің сабағына ендіргенін еске алып, таңдай қағысқан. Қалай таңданбасын, елден шалғайда жатқан Екпіндінің оқушылары екі мыңыншы жылдардан бұрын білімдерін таразылауда тест дегенге тісі батып, оны мемлекеттік емтихан сынағымен параллель ермекке тапсырып тәжірибе толықтырып жүрсе ұтқаны ма, ұтылғаны ма?

*

Еркін 1978 жылы өзі туып-өскен Екпінді ауылындағы сегізжылдықты тәмамдаған соң жоғары екі сыныпты Сунақатадағы №194 орта мектебінде оқып бітіреді. Одан әрі Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Алғаш еңбек жолын Қандөз ауылындағы №240 орта мектебінде мұғалім болып бастайды. Бір жылдан соң туған ауылдағы №166 орта мектебіне ауысып, математика пәнінен сабақ береді. 1990 жылы метеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ал 1992 жылдан 2002 жылға дейін мектеп директоры қызметін атқарады. Осы қызметте жүргенінде «Жыл директоры» атанып, 2000 жылдан бастап мектеп директорларының облыстық «Ізденіс» атты клубының белсенді мүшесі болады. Шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңын ұйымдастыру жұмыстарына атсалысады. Еркіннің инновациялық-шығармашылық әлеуетін шынайы бағалаған облыстық білім басқармасы оны кадрлар біліктілігін арттыру және ақпараттық технологиялар институтына қызметке шақырады. 2003 жылдан кабинет меңгерушісі, 2006 жылдың қазанынан облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты директорының орынбасары қызметін атқарады. 2013 жылдан өмірінің соңына дейін Астана қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі дербес білім беру ұйымының Педагогикалық өлшемдер орталығында эксперт-бағалаушы қызметін атқарып келді.
ҚР білім беру ісінің озық қызметкері төсбелгісін алды. «Озат тәжірибені зерттеу мен жалпылау», «Физиканы жаңаща оқыту әдістемесі», Қазіргі сабақты ұйымдастырудың әдістемесі» атты оқулықтардың авторы, Кембридждік білм мен Назарбаев зияткерлік мектебі дербес білім беру ұйымының біріккен әдістемелік жаңа бағдарламасын жазып шықты.
Ол білімді, талантты әріптестерін оқытудың (андрогогика) ғажайып шебері болды.
Әкесі Әбдімәлік осы елге белгілі тақуа кісі, сонымен қоса орысша, өзбекше татар, арапша тіл білген. Колхоздастыру жылдары зайыбы Қалия екеуі бірдей канал қазу жұмысына қатысқан. Кейін ауылдағы мешіттің имамы болыпты. Көп балалы отбасында өскен перзенттері де ата-ана үлгісімен барынша тәртіпті, тәрбиелі болып ер жетті. Балаларының ішінде ерекше сезімтал, зерек санаған осы Еркіні төрт жасында төрелік айтып әуелі әкесін таң қылыпты. Оған себеп бұған Ерсін деген есімді еншілетіпті, өзінен төрт жыл кейін туған нәрестеге Еркін деп ат қояйын деп жатыр. Шыдамай кетті. «Бұл менің ізімнен ерген інім емес пе, Ерсін деген атты осыған қоймайсыңдар ма? Мен Еркін болмаймын ба?» деген тіп-титтей балақанның уәжі басым түсіп екі есімді екеуіне ауыстырып қойыпты. Сөйткен еркін ойлы Еркініміздің жүрегінің жұмсақтығына қараңыз. Бүгінде ішкі істер саласы ардагері Қожамберді ағасы айтады: «Шаруаға бейімі де, үйдің ересегі де өзім болғасын, мал-жанға егемін.Тоғытатын қойларды иіріп әкеп каналдан өткізейін десем, тырмысып алға баспай жүрмей қоятыны бар. Ондайда қарап тұруға уақыт жоқ, бір-бірлеп суға лақтырамын. Әр қойды лақтырғанда жаны ашып, «өледі ғой» деп Еркіннің шырылдап жылап тұратыны көз алдымда қалып қойды» дейді.
Кісінің табиғатында бар мінез ешқашан қалмайды екен ғой. Ұстаз Еркіннің, директор Еркіннің, республика мұғалімдеріне инновациялық бағытта жетекшілік еткен модератор Еркіннің біреуді сөккенін, дауыс көтергенін, ренжіткенін көрген кісі болса бізбен дауласуына болады.
Еркіннің ұстазы Сайлаухан аға былай дейді: «Мен Еркінге кішкентай күнінен математикадан сабақ бердім. Жай есептерді шемішкеше шағатынын білдім. Сосын оқушылардан бөлек күрделілеу есеп беретінмін. Оны да тез шығарып, шешімін жазып, дәптерді бір шетке ысырып қойып томпиып отыратын. Содан сасқанымнан қойын қалтамда сақтап жүретін Мұхтар Шахановтың өлең кітабын ұсындым. Еркін өлеңді де жақсы көреді екен. Тіпті өзі де өлең жазатын болды. Сабақтағы кез келген оқиғаны өлеңге айналдыру оның ермегіне айналғандай. Кейін мықты ақын болып қалыптасты» дейді ол.
Халқымыз «Орнында бар оңалар» дейді. Еркіннің соңында қалған жары Қымбат төрт перзентін ешкімнен кем етпей өсіріп-жетілдіріп, бүгінде әже атанып отыр. Қызылорла қаласында тұрып жатқан ұстаз-анамен телефон арқылы сұхбаттасып, екеуміз едәуір сыр шертістік.
«Біз Еркін екеуміз бір факульттетте оқыдық, – дейді Қымбат Амангелдіқызы.
Қолымызға дипломымызды алған жылы бас қостық. Қаланың қызымын демедім, ауыл тіршілігін барынша игеріп кетуге тырыстым. Еңбек ардагері – атамыздың хал-күйі, бала-шағаның жайы, тіпті ауыл болған соң есік алдында тұратын мал-жанның қамы менің мойнымда болды. Ерекең ғылымның адамы еді, сондықтан барынша күйкі тірлікке уақытын зая етпесе екен дедім. Ғалым еңбегінің нәтижесі жеке-дара емес, тұтас ұлттың меншігіне айналады. Сондықтан ой еңбегі адамдарының бабы келісу үшін ерекше көңіл-күй, жан-жақты жағдай керек қой. Отбасымыз болып осы жағына қатты мән бердік.
2003 жылы Қызылордаға көшіп келдік. 2013 жылдан бастап Ерекең Астанаға ауысты. 2016 жылы қыркүйек айында Талдықорғанға командировкаға барып келген. Осы ең соңғы сапары екен. Аз ғана күн сырқаттанып, бар болғаны 52 жасында қайтпас сапарға аттанып кете барды, – деді ол.
Түс көргендей ауыр күй кешкен адал жар жан азабын қаламмен жеңілдету үшін ері туралы естеліктер жинағын құрастыруға кірісіп кеткенін айтады. Сөйтіп 2017 жылы «Көңіліне әлем сыйған жан» атты естеліктер жинағы оқырман қолына тиіпті.
Қымбаттың да өлең жазатын қасиеті бар екен. Екеуі ең алғаш студенттермен күріш жинауға бірге барғанында бір атыздың бойына қатар түсіп қалып, өлеңмен айтысып жарысыпты. Қымбат сүйіспеншіліктің басы осы кезден басталғанын да жасырмады. Мұны сезген кураторлары сабақ басталғанда бірін комсорг, бірін староста етіп сайлап, қоғамдық жұмысты да қатар жүріп атқарыпты.
Жастық күндерінің студенттік кезеңі де, ұстаздық еңбек жолы да жан-жарымен бірге өткен Қымбат қосағының қандай қызмет баспалодақтарында бір өзгермеген мінез дағдысы туралы ерекше айтып берді.
– Атақты, танымалдылықты көтере алмай өзгеріп шыға келер талайды көріп жүрміз ғой. Еркін өзінің баладай кішіпейіл мінезінен бір өзгермеді. Жай мұғалім кезінде үлкен сыныптың балаларымен сабақтан соң алқын-жұлқын доп тебетін әдеті болушы еді. Сонысын директор болғанында да тоқтата алмады. Ол балалар да қойыңыз демеді. Сөйтсек, Еркіннің жаңаша басқару стилінде бақырып бастық болмайды, әділдікті аттамай, адам еркіндігін құрмет тұтқанда ғана терең түсіністікке қол жеткізуге болады екен. Ондай ортада бұзық, тентек деген баланың өзі сенімен теңдей иықтасып, көңілі өседі, рухы биіктейді. Адамгершілігі артып, өзін нағыз азаматқа тән қадір-қасиетке тәрбиелейді. Бәрі де бір ауылдың ауасын жұтып, түтінін сімірген бауырларындай еді. Бірі басшы, бірі шәкірт болған қарым-қатынастан гөрі татулыққа негізделген жігіттік намысты жоғары қойған ауыл азаматтарының арманы асқақ еді. Ауыл шырақтарының сол үмітті сөндіріп алмай, алысқа самғауына тілектес едік, – дейді ол.
Тұңғыштары Жанерке Алматы қаласындағы энергетика-байланыс колледжінде мұғалім, Айгерім ішкі істер департаментінде қызмет атқарады, подполковник шенін алған, Жанаты информатика пәнінің маманы. Нұрсәулесі Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген. Математика пәні бойынша бас сарапшы екен.
«Ат тұяғын тай басар» деген осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
07 маусым 2026 ж. 30 0