ИНФРАҚҰРЫЛЫМ: АУДАН ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

Индустрияландыру, инновация және инфрақұрылымды дамыту ел саясатының басты стратегиялық бағыты. Әсіресе, инфрақұрылым саласына басымдық беру аса маңызға ие. Өйткені, бұл саланың озық дамуы – экономикалық өсімнің, инвестиция тартудың және халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі катализаторы болып табылады.
Сөзімізге дәлел болсын, биыл Жаңақорғанда экономикалық өсім де, инвестиция да қарқынды. Нәтижесінде тұрақты жұмыс орындары ашылып, өндіріс саласы өсті. Енді импорт көлемі кеміп, экспорт әлеуеті артатын болады. Сондықтан инфрақұрылым саласы бойынша жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды жүйелеп алуды жөн көрдік.
Кезекті мәрте аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің
есігін қақтық. Жаңа басшы Нұржан Сүлейменов сауалдарымызға жауап беріп, нақты істі көрсетті. Алдымен автомобиль жолдарынан бастайық. Біз бұған дейін де айтып жүрміз, ауданда аудандық маңыздағы жолдардың, яғни елді мекендерге қатынайтын күрежолдар
мәселесі толығымен шешілген, барлық жол асфальттанған.
– Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 2026 жылдың 5 айының қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық
жағдайы 96,4 пайызды құраса, елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 66,5 пайызға жетті. Биыл аудан
бойынша көшелердегі жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына жергілікті бюджеттен 66 млн 442 мың теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу және күтіп ұстауға – 43 млн 188 мың теңге қаржы бөлінді, – дейді бөлім басшысы.
Бөлінген қаржы игеріліп, жұмыстар жасалынуда. Оны күнделікті көзіміз көріп жүр. Одан бөлек, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін ағымдағы жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстары, жол үсті таңбаларын жаяу жүргіншілер өткелдері мен жаңарту, бағдаршамдарды ағымдағы жөндеу және күтіп-ұстау
жұмыстары да жасалынуда.
Енді газдандыруға келсек. Ауданның елді мекендер бойынша газдандыру көрсеткіші 22,8 пайызды, халық саны бойынша 54 пайызды құрайды. 35 елді мекеннің 8-і газдандырылғанын білеміз. Енді жыл соңына дейін тағы 5 ауыл «көгілдір отынның» игілігін көріп қалуы мүмкін.
– Еңбек, Сунақата, Қожамберді, Сүттіқұдық, Екпіндіге тартылатын жоғары қысымды газ құбырын салу жұмысының жобасына ЖСҚ-сы әзірленіп, 2026 жылға қаржыландыруға 212,0 млн теңгеге облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына бюджеттік өтінімі жолданды. Бүгінгі күнге республикалық бюджеттен 100,0 млн теңге қаржысы бөлініп, мемлекеттік сатып алу нәтижесімен «Сырэнергогазстрой» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Аталған жоба осы жылдың сәуір айынан басталып, жоба бойынша
қаралған 7,7 шақырым жоғары қысымды газ құбыры жүргізіліп, 5 дана ГРПШ орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаның іске асырылуы 5 елді мекендегі 6251 тұрғынның газ отынының игілігін көруіне мүмкіндік береді, – дейді Нұржан
Жарық жүйесі де жаңарып, электр энергетика саласы жақсы көрсеткішке жетті. Желілердің тозуын төмендету мақсатында 2022-2025 жылдары демеушілердің қолдауымен жалпы құны 6,4 млрд теңгені құрайтын 21 жоба әзірленді. Жобалар аясында 758 шақырым жаңа электр желісі салынып, 119 жаңа қосалқы станция орнатылады.
– Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен 2022-2024 жж. аралығында құны 3,4 млрд. теңгені құрайтын «Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электржелілік жүйені жаңғырту» жұмыс жобасы іске асырылды. 2023-2025 жылдары 10 нысанның (Келінтөбе, Қожакент, Еңбек, М. Нәлібаев, Тақыркөл, Жаңарық, Бірлік, Қандөз, Екпінді, Ақсуат) құрылыс жұмыстары жүргізіліп пайдалануға берілді. 4 жоба (Манап, Құттықожа, Сунақата, Әбдіғаппар) 2026 жылға өтпелі кезеңмен құрылыс
жұмыстары жүргізілуде. Аққұм елді мекенінде тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылы-
сына (электр желісі) 2026 жылға облыстық бюджеттен 242,8 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары сәуір айында басталды. Бүгінгі күнге жобада қаралған 538 дана жарық бағаналары орнатылуда. Жобаны ағымдағы жылдың тамыз айында толық аяқтап, халық игілігіне беру жоспарланған. Қалған 6 жобаға (Қожамберді, Қосүйеңкі, Өзгент, Түгіскен, Баспақкөл, Көктөбе) қажетті
қаржыға бюджеттік өтінім жолданды. Жоғарыда аталған барлық жобалар толық аяқталған жағдайда, ауданның электр жүйелерінің тозу деңгейі 75%-дан 22%-ға дейін төмендейді деп күтілуде, – деді жауапты сала басшысы. Аядай ғана Аққұмдағы ағайынның басты мәселесі жарық болатын. Бұл түйткіл де жақын күндері тарқатылатын болады. Құрылыс жұмыстарының бас мердігері
– «МК-Сервис LTD» ЖШС мен 238 млн 468, 9 мың теңгеге келісім шарт (18.02.2025 жылы) жасалған. Бүгінгі күнге электр бағаналарын орнату толық аяқталып, электр желісін жүргізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 3 дана қосалқы станция жеткізіліпті. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 50%-ға орындалған. Нысан тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Енді аққұмдықтар жел
тұрса жарық сөніп қалады деп үрейленбейтін болады. Бұл да игі істің бірі.
Ауданда 35 елді мекен бар. Олардың барлығы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сол суды жинау, өңдеу және бөлу бойынша қызметті көрсететін 2 кәсіпорын бар, оның екеуі де мемлекет меншігінде. Қысқасы, халықты орталықтандырылған ауыз сумен
қамту үлесі 100 пайызды құрайды.
– 2024 жылы «Жаңақорған кентіндегі «МАИ бекеті»шағын ауданында су тарату станциясы және қосылу тармағының құрылысы» нысанының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны – 1,1 млрд теңге. 2025 жылы республикалық бюджеттен (Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты) 835,3 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде жеңімпаз болып танылған «Механизатор-К» ЖШС-мен 994,5 млн теңгеге келісім-шарт жасалды. Жоба бойынша «МАИ бекеті»,
«Алтыкрант» мөлтек аудандарының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Бүгінгі күнге қоршау мен магистраль желісін салу жұмыстары және электрмен жабдықтау жүйесінің құрылысы, су мұнарасы, насостық станциясы жеткізіліп, орнату жұмыстары толық аяқталды. Жалпы нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 85%-ға орындалды. Нысан басында 25 адам,
5 техника жұмыс жасауда. Су жүйесін маусым айының соңында пайдалануға беру жоспарлануда, – дейді Нұржан
Сүлейменов.
Бұл жылдар бойы көтеріліп келе жатқан мәселе болатын. 11 көшенің тұрғындары құдық суын пайдаланып келген болатын. Енді таза сумен қамтылатын болады. Қысқаша айтқанда, бөлімнің жұмысы жүйелі, нақты нәтиже бар, инфрақұрылым мәселесі оңтайлы шешімін
тауып келеді. Жолдың жайы белгілі, ауыз су шешілді, жарық жаңару үстінде. Енді тек қалған ауылдарға көгілдір отыны барса болғаны. Қалғаны уақыттың еншісінде.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ




