Жолдың жайы қалай?
Инфрақұрылым, оның ішінде жол жүйесі – күрделі саланың бірі. Бүгінде Сыр аймағында жол мәселесінде атқарылған жұмыс аз емес. Республикалық, облыстық маңызы бар жолдар қайта жаңғырып, ірі-ірі жобалар жүзеге асуда. Аудан көлемінде де атқырлған және алдағы атқарылар шаруа қыруар. Бүгінгі мақалада аудандағы жол саласы бойынша жасалған жұмыстар саралап, жарқын жобалармен танысуды жөн көрдік.
Алдымен жауапты мекеме аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бас сұғып, атқарылған жұмыстар есебін ақтардық.
Жалпы аудан аумағында 448,6 шақырым жергілікті маңыздағы автомобиль жолдары мен 615,1 шақырым елді мекен көшелері орналасқан. 2024 жылы Жаңақорған ауданы аумағындағы жергілікті маңыздағы автомобиль жолдары мен көпірлерді және ауылдардың көшелерін жөндеуге барлығы 6 млрд 118,4 млн теңге қаралып, жергілікті маңыздағы 21,5 шақырым автомобиль жолы мен 3 көпірге күрделі жөндеу және елді мекендердің 31 шақырым көшесіне күрделі және орташа жөндеу жүргізілген.
– Былтыр облыстық маңызы бар автомобиль жолдары мен көпірлерін күрделі жөндеуге 4 млрд 15,1 млн теңге қаралды. Оның ішінде: «Самара-Шымкент-Жаңақорған-Түгіскен-Келінтөбе» автомобиль жолын күрделі жөндеуге 3 млрд 506,1 млн тг, «Келінтөбе-Қандөз» автомобиль жолының 7 шақырым болатын көпірді күрделі жөндеуге 165,1 млн тг, «Келінтөбе-Қандөз» автомобиль жолының 10 шақырым көпірін күрделі жөндеуге 343,9 млн тг бөлінді. Аудандық маңыздағы 20 автомобиль жолы 192,1 шақырымды құрайды. 2024 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық көрсеткіші 96,4 %-ға тұрақтады, – деді бөлімінің бас маманы Дәулет Оразалыұлы..
Жауапты маманның айтуы бойынша, 35 елді мекенде жалпы ұзындығы 615,1 шақырымды құрайтын 526 көше орналасқан. Оның 352,2 шақырымы асфальтты, 245,8 шақырымы қиыршық тасты, қалғаны топырақ қабатты саналады екен. Елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 2023 жылы 53,4 пайыз болса, 2024 жылы қаржысы қаралған 30 шақырымды 16 жобаның жөндеу жұмыстары орындалып, елді мекен көшелерінің көрсеткіші 57,3 пайызға жоғарылапты. Бұл да көңіл көншітетін статистика, дегенмен биыл бұл көрсеткішті тағы 10-15 пайызға арттыруға мүмкіндік бар. Өйткені, былтыр кейбір ауылдарға көгілдір отыныны құрылысы жүргізілгендіктен көлік жолдары жөндеусіз қалды. Бірақ, биыл бұл олқылықтарды орнын жабуға ауыл әкімдері жоба ұсынып, ертерек қаржысын алып алуға әрекеттену керек.
– 2024 жылы ауданының жалпы ұзындығы 31 шақырымын құрайтын 13 елді мекеннің көшелерін жөндеуге 1 млрд 747,5 млн теңге қаралды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 6,4 шақырым құрайтын 3 жобаға 532,0 млн теңге қаралды. Жаңақорған кентінің Ы.Алтынсарин, М.Жаппаров, О.Ильясов көшелері. 2024 жылдың маусым-тамыз айларында жұмыстары аяқталып, қабылданды. Аудандық бюджеттен 23,1 шақырымды құрайтын 13 жобаға 1 млрд 215,5 млн теңге қаралып, пайдалануға берілді.
– Енді 2025 жылы атқарылатын жұмыстарға қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– 2025 жылы аудандық маңыздағы 2 автомобиль жолын орташа жөндеуге және елді мекендердің 53,6 шақырымды құрайтын 35 көшелерін жөндеуге 2,6 млрд теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 817,3 млн теңге «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша 7 жобаны жүзеге асыруға, 759 млн теңге облыстық бюджеттен 5 жобаны жүзеге асыруға, 1 млрд 23,4 млн теңге аудандық бюджеттен қаралды.
Қысқаша айтқанда аудан көлеміндегі жолдың жайы осылай, кент ішіндегі жаяу жүргіншілер мен көлік жолдарын алдағы уақытта нақты зерделеп, атқарылатын жұмыстарды жүйелеп отырамыз. Ең әуелі аудан орталығындағы жолдарға көп көңіл бөлу керекпіз. Себебі, кешегі су трубалары мен газдан қалған ой-шұңқырлар темір тұлпарларды тоздыратын болды. Басты көшелерге бейнебақылаулар орнатылғанын құп көргенімен кейбір көшелердің кескін-келбетіне кент тұрғындары риза емес. Бұл олқылықтарды кент әкімдігімен сұхбатта зерделейтін боламыз. Ең бастысы, ауылдарға қатынайтын жолдардың жай-күйі дұрыс болса болғаны. Қалғаны кезең-кезеңімен шешіле берер.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ