» » БІР ЖАРЫҚ СӘУЛЕ

БІР ЖАРЫҚ СӘУЛЕ



Өмір – сан тарау тағдырлар тоғысқан күрделі әлем. Әр адамның пешенесіне жазылған сынағы мен бақыты қатар жүретін тағдырталайы бар. Кейде бір әулеттің басынан өткен ауыр тағдыр бүтін бір ауылдың жүрегіне із қалдырады. Мен осындай тағдырлы жанұяның дастарқанында болған едім. Шалқия кентіндегі мешіт асханасында өмірден озған атаана рухына арналып берілген ас өткен тарихты тірілтіп, көптің көңілін елжіретті
Тұрардың әкесі Әмірбек пен анасы Күміскүл – заманының қос мұңлығы еді. Екеуі де сөйлей алмайтын. Бірақ тағдырдың ауыр сынағы олардың бір-біріне деген махаббатына кедергі бола алмады. Үнсіз түсініскен қос жүрек өмірдің бар қиындығын бірге көтерді. Алла оларға бірнеше перзент сыйлады. Алайда олардың ешқайсысы адам қатарына қосылмай, шетінеп кете берген еді. Мұны ауыл адамдары «Алланың ісі» деп қабылдады. Мен қос мұңлық Әмірбек пен Күміскүлдің екі жағын да жақсы танитын едім. Күміскүлдің анасы Қызтолқын мен менің анам Орынкүл апалы-сіңлілі. Менің әкем Жартыбай бажасы Арғынбаймен екеуі Төменарық қаракөл қой совхозының белді шопандары болды. Жаз жайлауда Арғынбай Алашапанда, Жартыбай Төлеу сазында Қаратау қойнауында болса, қыстауы да қатар қонды. Арғынбай Көкжидеде, Жартыбай Сүттібай құмында Сыр бойын жайлады. Сөйтіп Арғынбайдың балаларымен бала кезімізден бірге ойнап өстік, интернатта бірге жатып, мектепте бірге оқыдық. Апалы-сіңлілі Қызтолқын мен менің шешем Орынкүл, әкелеріміз қос бажа Арғынбай мен Жартыбай тату-тәтті жақсы араласты. Әмірбек пен Күміскүлдің шаңырақтарында шыр етіп нәресте дүниеге келді. Аман тұрсын деп нәрестенің есімін Тұрар деп қойды. Бұл келген сәби – үміттің соңғы шырағы еді. Күміскүл өмірден ерте өтті. Әмірбектің туған ағасы Сапарбектің жары Күнімкүл ананың мейірімі түсіп, Тұрарды бауырына басты. Өз перзентіндей өсіріп, тәрбиеледі. Аналық мейірімнің шегі болмайтынын осы Күнімкүл ана дәлелдегендей болды. Тұрар ер жетіп, азамат болды. Ел қатарына қосылды. Әмірбек жалғыздықпен ғұмыр кешіп, қайта шаңырақ көтермей дүниеден озды. Бірақ олардың артында Тұрардай тұяқ қалды. Бұл – қос мұңлықтың өмірдегі өшпеген ізі, үзілмеген үміті еді. Бүгінде 27 жастағы атпал азамат Тұрар Әмірбекұлы Қазақстан теміржолы саласында электрик мамандығы бойынша жұмыс істейді. Жұбайы Мөлдір санитарлық-эпидемиология­лық станциясында бөлім басшысы. Екеуі отбасында үш перзент тәрбиелеп отыр. Айша 5-сыныпта оқиды. Әсима 3-сынып оқушысы. Кішкентайлары Алпамыс 4 жаста, балабақшаға барады. Қос мұңлықтан қалған жалғыз тұяқ Тұрардан осылайша келешектің келбетін келістірер жаңа ұрпақ өсіп келеді. Ұрпақтар жалғастығын Алла бянды етсін дейміз. Ас үстінде үлкендер өткен күндерді еске алып, тағдырдың жазуына сабырмен қараудың мәнін айтты. Бірі Күміскүлдің мейірімін еске алса, бірі Әмірбектің адалдығын сөз етті. Күнімкүл ананың баға жетпес еңбегіне разылық білдірді. Сол күні мен адам өмірінің байлықпен емес, артында қалдырған ізгі ісімен өлшенетінін терең ұқтым. Тағдыр тәлкегінен аман қалған жалғыз тұяқ. Оның өмірі – сабырдың, мейірімнің және адамдықтың белгісі. Иә, өмірдің әр сәтін бағалау керек екенін осындайда түсінесің. Себебі адам баласы қиындықпен сыналады, ал сол сыннан сүрінбей өткендер ғана артында өнеге қалдырады.

Сайлаухан ЖАРТЫБАЕВ
13 мамыр 2026 ж. 26 0