ЕРЛІК РУХЫ – ЕЛДІК ТҰҒЫРЫ

Ауданымызда елдік пен ерліктің мәнін айшықтаған тағылымы терең, рухы асқақ тағдырлы кеш өтті. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай «Ерлікке тағзым – Елдікке тағылым» атты салтанатты шара өтті.
Кеш шымылдығы аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі мазмұнды көрмеден бастау алды. Онда соғыс жылдарының шежіресін сөйлеткен құнды жәдігерлер мен тарихи экспозициялар көрерменді өткеннің өнегелі ізіне жетеледі. Ал сахна төріндегі «Ұрпаққа аманат – елге қорған» атты театрландырылған пролог – ел қорғаған ерлердің асқақ рухын әсерлі жеткізген көркем көрініске айналды.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Мәжит Самитов пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов арнайы қатысып, елдік бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын айқындай түсті.
Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар жоғары марапаттарға ие болды. Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы мен облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хаттары» табысталып, ел игілігі жолындағы еңбектің еленуі – көпшілікке үлгі болды. Олардың қатарында депутаттық фракция мүшелері Берділлаев Бақыт Бексұлтанұлы мен Амалбеков Жасұлан Бекенұлы марапат төрінен көрінді. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Тұрабаев Қалдарбек пен Шалхия бастауыш партия ұйымының төрағасы Үсенов Темірбек те ел игілігі жолындағы еңбегі үшін құрметке ие болды.
Мерекелік кештің шырайын аша түскен ерекше сәт – қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Наркенже Серікбаеваның өнер көрсетуі болды. Көпшілік сүйіп тыңдайтын әнші өз әндерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл кеш – тек мерекелік жиын ғана емес, ұлт рухын ұлықтаған, өткенге тағзым жасап, болашаққа бағдар берген тағылымды басқосу болды. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, елдік ешқашан әлсіремейді. Осындай рухани кештер – ұрпақ санасына отансүйгіштік қасиетті сіңіретін мәңгілік құндылықтардың алтын көпірі.
#AMANAT




