ТІРШІЛІК МЫҒЫМ ТІРЕКТЕН ТІКТЕЛЕДІ

«Апат айтып келмейді». Тосыннан келер табиғат апатының алдын алуда кәсібилік әлеуетті арттыру – өмір талабы. «Сақтансаң, сақтаймын» деген нақылдың негізі сонда жатыр. Жалпы қоғамда төтенше жағдайлардың салдары көп. Бірі табиғаттың осы мінезінен, енді бірі адамзатты бейқамдық көзқарасынан туындап жатады.
Осындай қысылтаяң сәтте тосыннан келетін ахуалға алдымен қарсы тұратын төтенше жағдай мамандары екені аян. Су мен оттың ортасында жүретін қызметкерлердің еңбегі бөлек. Біз бүгін осы тақырып төңірегінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Ғафур Ақмырзаевпен тілдескен болатынбыз.
Аудандық төтенше жағдайлар бөліміне басшылыққа жақында келген Ғафур Әлиұлы бізге үш тақырып бойынша мағлұмат берді. Алдымен Ақүйік ауылдық округіндегі қарғын су жағдайын таразылап алдық. Жыл сайын таудан келетін судың биыл арнасы толып, қауырт мінез танытты. Қазір ахуал тұрақты дейді.
Бірер күннен кейін суға түсу маусымы басталады. Өзен-көлдер, каналдар мен су қоймалары демалыс үшін қолайлы орын екені рас. Бірақ қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда су айдындары үлкен апаттың көзіне айналатынын құзырлы органдар хабардар етіп отырады. Керек кезінде айыппұл да салады, бірақ соған қарамастан қайғылы оқиғалар жыл сайын орын алады. Әсіресе, мектеп оқушылары
аудан аумағындағы көлдер мен каналдарды жағалап кететіні бар. Тіпті ауыл ішіндегі арықтарда суға шомылу алаңына айналады.
– Жыл басынан бері облыс аумағында су айдындарында түрлі себептермен 4 адам қайғылы жағдайға ұшырап отыр. Аудан аумағында соңғы 5 жылда су айдындарында жазатайым оқиғалар салдарынан 18 адам қаза тапты. Оның ішінде 8-і жасөсіпірім. Аудан аумағындағы төтенше жағдайлар жиі орын алатын орындар Сырдария өзені, Жаңақорған кенті мен ауылдардың ішінен өтетін каналдар мен арықтар болып тұр. Оның ішінде, Сырдария өзенінің Жаңақорған кенті тұсында 3 тұрғын, Төменарық ауылында Сунақата каналына
3 тұрғын, Жаңақорған кентінің ішімен өтетін каналда 2 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиғалар азаматтардың суға шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсуі, ішімдік ішіп су айдындарына барып шомылу және балалардың ата-анасының бақылауынсыз қалуы салдарынан болуда, – дейді мекеме бастығы.
Зардап шегетіндер ішіндегі ең осалы – балалар текені белгілі. Балаларды су жағасында ешқашан қараусыз қалдыруға болмайды. Тіпті таяз судың өзі қауіп төндіру мүмкін. Қазір заман талабына сай тұрғын үйдің ауласында қаңқалы бассейндер құрып суға шомылады. Алайда қауіпсіздік талаптарын есткен шығармай, әсіресе балалардың жалғыз шомылуына жол бермей үнемі бақылауда ұстау қажет дейді жауапты тұлғалар.
Айта кететіні, тәртіпке бағынбағандар жаза арқалайды. «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау, тыйым
салынған орындарда суға шомылу, қауіпсіздік белгілерін елемеу, жабдықталмаған жерлерде суға түсу сияқты әрекеттерге жол берген жеке тұлғалар ҚР «Әкімішілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 412 бабымен әкімішілік жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзу, оның ішінде мас күйде суға түсу жағдайлары анықталған жағдайда аталған Кодекстің 440 бабымен әкімішілік жауапкершілікке тартылады» деп Ғафур Әлиұлы
ескертті.
Су айдындарындағы қауіпсіздік – әр азаматтық жеке жауапкершілігі. Заң алдында талаптарды сақтау арқылы сіз өміріңізді және жақындарыңыздың өмірін қорғай аласыз. Ереже бұзу айыппұл төлеуге ғана емес, орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі
мүмкін. Егер қандайда бір төтенше жағдайдың куәсі болсаңыз сабыр сақтап, дереу 112 нөміріне хабарласу
керек.
Тағы бір төтенше оқиға – баланың терезеден құлауы жиі кездесуде. Бұл мәселе тікелей біздің ауданға қатысы болмауы мүмкін. Бізде көп қабатты тұрғын үйлер көп емес. Десе де қалаға қыдырып барған аудан тұрғындары ескертуді елемеуіне болмайды.
– Жаз мезгілінде облыс аумағында балалардың терезеден құлап кету фактілері көбеюде. Көп жағдайда мұндай қайғылы жағдайлар балалардың ата-ана қарауынсыз қалуы салдарынан орын алады. Осы жылы ата-аналардың немқұрайлы қарауы себебінен облыс аумағында балалардың терезеден құлауының 5 фактісі тіркелген. Жасөспірімдердің терезеден құлау фактілері: ата-аналардың баланы
бақылаусыз қалдыруынан, көп қабатты тұрғын үйлердің терезелерінде қауіпсіздік құлыптарының болмауы және балалардың терезе алдында ойнауы салдарынан орын алуда. Бала өмірі – бәрімізге қымбат. Бір сәттік немқұрайлық орын толмас қайға әкелуі мүмкін.
Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы балаңызды үлкен қауіптен қорғай аласыз. Терезеден құлаудың алдын алу үшін балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру керек. Балалардың амандығы – баршамыздың ортақ міндетіміз, – дейді Ғафур Ақмырзаев.
Қысқаша айтқанда, адам өмірі қоғамның ең үлкен байлығы. Оған тек жауапты қызметкерлер ғана емес, барлығымыз жауаптымыз. Осыны ұмытпауымыз керек-ақ.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ




