Светлана Нещерет: “ЖҰРТҚА ЖЫЛУ СЫЙЛАСАҢ, ОҒАН ӨЗІҢ ДЕ ЖЫЛЫНАСЫҢ”

Украин қызы – Нещерет Светланамен танысып, емен-жарқын сұхбаттаса отырып жаны сұлу адамның бойынан ерекше жылылық есіп тұратынын аңғардым. Мұндай жандарда ұлтқа, нәсілге, топқа, руға бөліну деген жоқ. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» Абай атамыз өсиет еткен ұлы тілекті қастер тұтқан осындай пейілділер татулықтың тұтқасын ұстап тұр.
Өткен ғасырдың 54-жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру деген мақсатпен қарапайым шаруа адамдарының Ресейден, Украинадан Қазақстанға еріксіз қоныс аударылғаны белгілі. Осы дүрмектің қатарында жаңадан отау көтерген жас отбасы Нещерет Павел мен Надежда да бар еді. Украинаның Чернигов өңірінен келіп, әуелі Целиноград өлкесінде еңбек жолын бастаған ерлі-зайыптылар Сыр бойындағы Тереңөзек ауданына тұрақтайды. Көп өтпей Жаңақорғанның Төменарық аймағына қоныс аударады.
Бұл жақтағы көлдерден балық аулау, дария жағасындағы көк шалғын, жыңғыл-жықпыттың арасынан аң-құсқа тұзақ салып, қырғауыл атып алу сынды түз тіршілігі табиғатында аңщылық, балықшылыққа жаны жақын Павелді жіпсіз тұсап, Төменарықтың төл тұрғыны болып қалады. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген бар, оның үстіне қолынан келмейтін өнері жоқ ісмер азаматтың ауылдағы қазығы мықты көне шаңырақтардың жақтауында қолының табы сақталған десек, жаңылмаймыз. Ұсталық өнерімен тұрғын үйлердің есік-терезесін де өзі істеп беріп жүріпті. Ағаштан түйін түйген шебердің бесік істейтін де өнері бар екен.
Нещерет Павел мен Надежданың отбасында бес перзент өсіп-жетілсе, тұңғышы Александр Ресейде, Люба мен Вера Саратовта тұрады. Ал ауылда қыздары Светлана және қарашаңырақта Олег пен келіндері Вика бөпелерімен өсіп-өніп жатыр.
Біз бұл отбасының туған ауылы Төменарықта тұрып жатқан қыздары, А.Романов атындағы №53 орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Нещереттің отбасына арнайы соғып, әңгімеге тарттық.
Қазақ азаматына тұрмысқа шыққан Света кішкентайынан әдебиетті сүйіп өскенін айтады. Сол кездерде кеңшар орталығындағы бір емес, екі кітап дүкеніне ең соңғы жаңа басылымдар келіп түсетін. Бұл жас өскіннің барлық салада интеллектуалды білім қалыптастыруына жол ашты. Мүмкін сондықтан болар, Ресейде техникумды бітіріп кеп, ауыл ауруханасынан зейнетке шыққан анасының орнын басып он тоғыз жыл еңбек етсе де әдебиетке аңсары жеңдеп, педагогикалық білім алып, ауыл мектебінде ұстаздық қызметін бастап кетіпті.
Света апайларын оқушыларының бәрі анасындай көріп, еркелейтінін айтады ұстазы. Тек шәкірттер ғана емес, ауыл тұрғындарының барлығы оны жақсы көреді. Науқастан көз жұмған ері Махмұт тіс дәрігері, елге сыйлы жан болған еді. Бауырларының көзі жоқ болса да, орнына жиі келетін ағайындары қашан келсе де қуана қарсы алатын келіндері Светаға қатты разы екен. Кәдімгі қазақ отбасындағы қонақжайлық, кеңпейілділік бұл отбасының керегесіне қонақтап, құтын кемітпей келеді. Есік алдындағы кең жайда сауын мал ұстап, құс өсіретін құнтты отанасы табиғи өнімдердің ешбірін сатып алмайтынын, бәрін өзі қолдан өндіретінін айтты.
Бауырынан өрген бес қызы да үй шаруасына икемді болып ер жетіпті. Білімді бірінші орынға қоятын өзі оларға да осыны міндеттеді. Мектепті өте жақсыға бітірген тұңғыштары Малика дәрігер-реаниматолог, Миланасы дәрігер-неанотолог, одан кейінгі қызы Лаура да жоғары білімді, үшеуі де қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпты.
Ақтөбеде қаласында тұрады екен. Дианасы малдәрігерлік мамандықты таңдапты. Кенжесі Майя мектепте оқиды.
Жазғы каникулды ауылда өткізетін немерелеріне деп есік алдындағы алма-жүзімді баптауға да уақыт табатын мұғалима құрбымыздың сымбаты бұзылмаған жап-жас қалпын көзінде дария суына балықтай жүзіп өскен дағдысынан деп түйіп, сүйсінгенімізді де жасырмаймыз. Бәрінен бұрын, кісінің жан дүниесі сұлу болсын деңіз. Қазақтан бетер іші-бауырымызға кіріп, көңіл елжіреткен украин қызымен, шынымызды айтсақ, қимай қоштастық. Светаның кітап сөресі толы газет-журналдар арасынан «Жаңақорған тынысы» көзімізге оттай басылды. Қазақша-орысша бірдей меңгеріп алған украин қызы біздің төл оқырманымыз болып шықты.
Баян ҮСЕЙІНОВА




