БІР АУЫЛ – БІР ҚАЗАН

Ауыл – қашанда ұлттың асыраушысы ғана емес, тамыры тереңге тартылған алтын діңгегі де. Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз бойынша он күн қатарынан тойланып жатқан Наурыз мерекесі өз ауданымызда да айшықты ажарына қауышуда. Наурызнаманың бір күнінің Түгіскен ауылында ұйымдастырылуының мәні жоқ емес, бұл өңірдің Түгіскен массиві даңқымен аты тарихта қалған. Аудан әкімі Мажит Самитұлы бастап келген меймандар шараның алдында киелі мекеннің топырағына өз қолдарымен ағаш көшетін отырғызып, өсуге, өнуге, көркеюге ниетті адамзат тіршлігінің символикалық рәсіміне құрметтіліктерін танытты. Қонақтарды әзіз әжелеріміз әдемі әнмен қарсы алды. Одан әрі «Шаңырақ» күніне арналған кеш мазмұнын ашатын сахналық көріністер жалғасын тапты.
Атам қазақ шаңырақты артына қалған мұрагерлеріне табыс етіп, «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деп батасын берген. Зеңгір көк астындағы уығы мен керегесі мығым құтты қоныстар Ұлы даланың кеңістігіне кіндігі байланған ер халықтың қасиетін бауырында сақтап, келешекке аман-сау аманаттап отырған. Наурызнамадағы бірлік пен берекенің белгісі – Шаңырақ күнін атап өтуді ұйғарған Түгіскен ауылының халқына аудан әкімі Мажит Самитұлы төмендегі құттықтауын жолдады:
– Құрметті жерлестер. Қадірлі ағайын!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі аясында ажары артқан «Шаңырақ күнімен» шын жүректен құттықтаймын. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің, татулық пен мейірімнің мерекесі. Наурызнама күндері Шаңырақ пен Отбасы бірлігін дәріптейтін, ұрпақтар сабақтастығына терең арна салып, үлкендерге құрмет пен кішіге ізетті насихаттайтын құндылығымен қымбат. Қазақ халқы үшін шаңырақ – отбасының бірлігі мен тірлігінің символы. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген дана халқымыздың қағидасы осында жатыр.
Бүгінгі «Бір ауыл – бір қазан» атты мерелелік шараның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының ауызбірлігін арттырып, татулық пен ынтымақты нығайту, – дей келе аудан басшысы әрі қарай кешегі өткен еліміз үшін маңызды саяси науқан – республикалық референдумда өңіріміздің алдыңғы орыннан табылғанын, бұл жеңістің халықтың бірауызды ынтымағының арқасында қол жеткен жетістіктер екенін айтты.
– Түгіскен – береке бірлігі мен ынтымағы жарасқан, айшықты көркейіп келе жатқан алдыңғы қатарлы ауылдардың бірі, – деді әкім. Соңғы жылдары ауыл инфрақұрылымы жаңарып, әлеуметтік нысандар салынып, елді мекендердің ажары арта түсті. Ел дамуы ондағы еңбек етіп жатқан ағайынның ауызбірлігі мен еңбексүйгіштігіне байланысты. Алдағы уақытта мұнан да үлкен жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін, – деп өзінің ізгі ықыласымен бөлісті.
Мерекелік акцияның мазмұнын ашқан «Бір ауыл – бір қазан» бағдарламасы көптің көңілінен шықты. Тұтас ауыл халқының ауызбірлігі бір қазаннан ас ішкен бір үйдің баласының ынтымағын көз алдымызға әкелді. Ертеде Махамбет батыр жырға қосқан «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» дегендегі «қара қазан» атауы бүкіл құтты қоныс, туған жер, кіндік қаның тамған атамекен ұғымымен пара-пар болса, екінші жағынан қара қазан атауы ішер ас, тіршілік етерге қажет зор несібе ұғымын да ұқтырып тұр. Акцияның «Бір ауыл – бір қазан» деген атауынан бір қазаннан ас ішкен елдің рухы биік дегенді білдіретін тағы бір қасиетті қағиданың ұлылығына бас июге тура келеді.
Аудан мәдениет саласына басшылыққа келгелі әрбір атаулы күннің мәртебесіне қан жүгіртуде кәсіби тұрғыда бастамашыл болып келе жатқан Зүлфия Шалабаеваның ізденістеріне, өз ісінің маманы Түгіскен ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Бақыт Тасқожаеваның бөлекше болмысты қабілеттеріне көзіміз жете түсті. Клуб ауласынан қоныс тепкен қазақ ауылының бейнесі, әуелете тербелген Алтыбақан айнала ажарын одан сайын асқақтатты. Шараның екінші бөлімінде Қазақстанға белгілі дизайнер, жерлесіміз Айзат Мырзаеваның қолынан шыққан заманауи ұлттық киімдер үлгісі сахна төрін соңғы стильдегі сән-салтанатымен жарқыратты.
Келесі кезекте ашық аспан астындағы сахнада жетігенші қыздардың орындауында «Ана» әні көкке шарықтаса, одан әрі Нұргүл Мақсұтқызы «Наурыз – думан» әнімен шашу шашты. Түгіскен ауылы келіндерінен құралған «Алтын жүрек аналар» «Угай-ай» әнін тамылжыта шырқады. Сырдағы ауыл жігіттерінің басын қосқан «Өнерлі өңір» вокалды аспапты ансамблі (ВИА) орындауында ретро әндер көрерменнің өткен күндерге сағынышын оятты. «Туған елім – жұмақ мекен» әні дуэттің орындауында көңілдерді тербеді.
«Шаңырақ күні аясында өткен «Сыйлы жеңге, сырлас ерке» атты аудандық байқауға Бірлік ауылынан жеңгесі мен қайынсіңлісі Асханова Перизат пен Әубәкір Аяулым, Машбек ауылынан Көрпебаева Қарлығаш пен Түгелбай Шұғыла, Жаңақорған кентінен Бегімбетова Сәуле мен Мақпал Искакова, Келінтөбе ауылынан Жазира Құрманбекова мен Асан Бекназ қатысып, бар өнерлерін ортаға салды.
Ұлттық салт-дәстүрлерді қадірлеу, туыстық қатынас, оның ішінде жеңге мен қайынсіңлі арасындағы жарасымды сыйластықты бекемдеу мақсатында өткен байқауға қатысқан аруларымыз ұлтымыздың ұмытыла бастаған болмыс-бітімін әдемі бояуымен көз алдымызға әкелді. Көрерменге зор эстетикалық ләззат сыйлаған мәдени шарада өнер көрсеткен сайыскерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Түгіскен ауылындағы Құлахмет Нәлтаев басқаратын ұлт-аспаптар ансамблі кештің оң бойын күмбір күйлерімен көркемдеді.
Осы күні мереке алаңы қолөнер бұйымдарының көрмесімен ажарлана тұсті.
Баян ҮСЕЙІНОВА




