ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯҒА ҚОСҚАН ӘРБІР ПІКІР - ЕЛ БОЛАШАҒЫНА ҮЛЕС

Бүгін «Руханият» орталығында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына арналған басқосу болып өтті. Аудандық коалиция өкілдері ардагерлермен жүздесіп, Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мәні мен қоғамға тигізер әсерін түсіндірді.
Кездесуге аудандық коалиция жетекшісі Ғалымжан Жарқынбек пен коалиция мүшелері Серқожа Ыдырысов, Өмірсерік Тақырбасов, Серік Мұсаебаев, Аллаберген Ахметов қатысып, Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мәні мен маңызын кеңінен түсіндірді.
Жиын ресми баяндамадан гөрі, өмірлік тәжірибе мен шынайы пікірлерге құрылған ашық әңгіме алаңына айналды.
Кездесу барысында адам құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті күшейту, азаматтық қоғамның рөлін арттыру секілді маңызды тақырыптар сөз болды. Ардагерлер өз тәжірибесін бөлісіп, ойларын ашық ортаға салды, жаңа Конституцияның қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айтты.
Ұзақ жыл еңбек еткен ақсақалдар ұлттық құндылықтарды сақтау, руханиятты қорғау мәселелеріне ерекше тоқталып, заңның халық өмірімен үндес болуы керектігін атап өтті. Еркін форматтағы әңгімеде олар елдің келешегі үшін өз ұсыныстарын ортаға салды, жастар мен қоғамға ой салар ойларын жеткізді.
Жиын соңында барлық қатысушылар «Заң халыққа түсінікті және өмірмен үндес болғанда ғана тиімді» деген ортақ пікірге келді. Мұндай кездесулер ардагерлердің даналығын ескеріп, қоғам мен биліктің арасындағы сенімді нығайтып, жаңа Конституцияның шын мәнінде халық үнімен жасалған құжат екенін айқын көрсетті.
Бұл – әрбір пікір, әрбір ұсыныс қоғам үшін маңызды екенін дәлелдейтін жүрекке жетерлік тағылымды басқосу.




