Жаңа Конституция – елдің ертеңіне жол ашар құжат

Жаңақорған Аграрлы техникалық колледжінде білім саласы қызметкерлерімен жаңа Конституция жобасы талқыланды. Бұл тек заңгерлерге арналған құжат емес – әр азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды негіз. Сол себепті де, аудандық коалиция өкілдері жан-жақты талқылады.
Кездесу ашық форматта өтіп, коалиция өкілдері Конституциядағы өзгерістердің мәнін қарапайым тілмен түсіндірді. Қатысушылар құқықтық жаңғырудың ел дамуына, әділ сот төрелігіне, азаматтардың қорғалуына қалай ықпал ететінін білді. Аудандық коалиция жетекшісі Жарқынбек Ғалымжан мен аумақтық коалиция өкілдері тұрғындармен ақпараттық кездесу ұйымдастырып, жобаның басты бағыттары мен жаңашыл реформаларын таныстырды. Басқосуға аумақтық коалиция өкілдері Ыдырысов Серқожа, Мұсабаев Серік, Үсейінова Баян, Бибасарова Лаура, Асылжан Жолдасбеков, Мампаев Алмат қатысты. Аудандық коалиция жетекшісі Жарқынбек Ғалымжан өз сөзінде цифрлық технолгияларды қолдану, сот және құқық қорғау жүйесіне қатысты нормалардың маңызын айтты.
Серқожа Ыдырысов жаңа Конституцияның ұлттық мүдде мен әділдік қағидаларын нығайтып, қоғамдағы теңдікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Бұл – Әділетті Қазақстанға жасалған батыл әрі тағдырлы қадам.
Жиын барысында ұсынылып отырған өзгерістердің стратегиялық маңызына тоқталып, азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыру, мемлекеттік институттардың ашықтығын күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау және қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелері кеңінен айтылды. Сонымен қатар жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыру және халықтың шешім қабылдау процестеріне қатысуын кеңейту бағыттары түсіндірілді.
Аумақтық коалиция мүшесі Баян Үсейінова өз сөзінде «Жаңа Конституция жобасы – қоғам сұранысына жауап беретін маңызды құжат. Оның басты мақсаты – әділетті қоғам қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғау және мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайту. Әрбір тұрғын өзгерістердің мәнін түсініп, ел болашағына бейжай қарамауы тиіс», – деп атап өтті.
Кездесу ашық, диалог форматында өтіп, тұрғындар жаңа Ата заң жобасына қатысты бойынша өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауаптарын алды. Жиын соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды. Мұндай шаралар – азаматтық белсенділікті арттыру мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың басты жолы.



