ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» республикалық коалиция мүшесі Мұрат Әбенов, аудандық коалиция жетекшісі Ғалымжан Жарқынбек және коалиция мүшелері Серқожа Ыдырысов, Өмірсерік Тақырбасов, Арман Мажитовпен бірге Жаңақорған ауданындағы Көктөбе және Қандөз ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұрат Әбенов бастаған делегацияның негізгі мақсаты – Жаңа Ата Заң жобасын жан-жақты түсіндіру және алдағы референдумның маңызын халыққа егжей-тегжейлі жеткізу.
Көктөбе және Қандөз ауылында өткен кездесуге 80-ге жуық тұрғын қатысты. Зиялы қауым, ардагерлер, ұстаздар мен дәрігерлер Жаңа Конституция жобасы елдің ұзақ мерзімді ұлттық мүддесіне сай келетінін атап өтті.
Мұрат Әбенов құжат ауқымды қоғамдық диалогтың нәтижесі екенін айтып, референдум ел бірлігін айқындайтын тарихи қадам деп атап өтті. Оның сөзінше, жаңа заңда «мемлекет адам үшін» қағидаты берік орнығады.
Сонымен қатар, кездесуде ауыл тұрғындарына жаңа заман талабына сай жаңарып отырған Ата Заңның мазмұны, ондағы басты нормалар кеңінен таныстырылды.
Республикалық коалиция мүшесі, мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Контитуция жобасындағы түбегейлі жаңа тұстарға тоқталды.
«Жаңа Ата заң жобасы елдің ең басты құндылықтарын айқындап, қоғамды ұйыстыратын негізгі бағыттарды нақтылап отыр. Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік институттардың ашық әрі жауапты жұмыс істеуі басты басымдық ретінде белгіленген. Ел ішіндегі бірлік пен өзара түсіністік, этносаралық және дінаралық татулық Қазақстанның тұрақты дамуының өзегі ретінде қарастырылған.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік пен егемендік, мемлекеттің унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін қағидаттар қатарында бекітіледі. Әділеттілік, заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау секілді ұстанымдардың Конституциялық деңгейде орнығуы – уақыт талабынан туған маңызды қадам. Мемлекеттік биліктің бастауы халық екені, ел тағдырына қатысты шешімдерде қоғамның рөлі айрықша екені айқын көрсетілген.
Бұл үдеріс жай ғана саяси өзгерістердің қорытындысы емес, Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басуының нышаны. Алдағы уақытта Конституция жобасы көпшіліктің талқылауына ұсынылып, соңғы шешім бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданбақ. Осылайша әрбір азамат ел болашағын айқындауға тікелей қатысу мүмкіндігіне ие болады» – деді Мұрат Әбенов.
Конституцияның басты артықшылығы – әділетті қоғам құруға, заң үстемдігін нығайтуға және әр азаматтың құқығын қорғауға басымдық беруінде. Сонымен қатар, халықтың мемлекеттік шешімдерге қатысу мүмкіндігі кеңейіп, билік тармақтарының тепе-теңдігі күшейетіні ауыл тұрғындарына жеткізілді. Бұл өзгерістер елдің тұрақты дамуына, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға қызмет ететіні баса айтылды.
Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасындағы ауыл үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған цифрландыру мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелерін де кеңінен жеткізді.
Кездесу соңында коалиция мүшесі Өмірсерік Тақырбасов сөз сөйлеп, ел болашағы үшін атқарылып жатқан саяси мәні зор бастамаға ауыл халқы қолдау көрсетеді деген сенімін білдірді.




