РЕФЕРЕНДУМ–2026: ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМГЕ БАСТАЙТЫН ҚАДАМ
Қоғам дамуының жаңа кезеңінде қабылданатын әрбір шешім халықпен ашық талқылануы тиіс. Осы ұстанымды басшылыққа алған аудандық коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасын түсіндіру бағытындағы кездесулерін жалғастырып келеді. Кезекті басқосу аудандық пошта ұжымында өтіп, мазмұнды әрі мағыналы диалог алаңына айналды.Кездесуге коалиция мүшелері – Серқожа Ыдырысов, Аллаберген Ахметов, Пахмадин Айнақожаев, Нұрмұқасан Әуезхан қатысып, еңбек адамдарына Ата заңның жаңартылған жобасының мәні мен мазмұнын кеңінен түсіндірді.
Жиын барысында Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістердің тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, елдегі қоғамдық қатынастарды жаңаша қалыптастыруға бағытталғаны айтылды. Коалиция мүшелері жаңа құжаттың басты мақсаты — азаматтардың құқығын қорғауды күшейтіп, әділеттілік пен заң үстемдігін нақты іске асыру екенін атап өтті.
Кездесу барысында сөз алған Аллаберген Ахметов жаңа Конституция қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға бағытталғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл құжатты қолдау – саяси науқанға қатысу емес, керісінше, әр азаматтың өз болашағына жауапкершілікпен қарауының көрінісі.
Кездесу барысында пошта қызметкерлері өз ойларын ортаға салып, жаңа Конституцияға қатысты сұрақтарын еркін қойды. Ашық пікір алмасу еңбек ұжымының ел болашағына немқұрайлы қарамайтынын, маңызды қоғамдық шешімдерге белсенді атсалысуға дайын екенін көрсетті.
Жиын соңында коалиция мүшелері барша қатысушыларды 15 наурызда өтетін республикалық референдумда азаматтық ұстаным танытып, елдің ертеңі үшін саналы таңдау жасауға шақырды. Өйткені Конституция – бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың тағдырын айқындайтын басты құндылық.
#референдум
#референдум2026
#жаңаКонституция
#новаяКонституция
#АтаЗаң
#15наурыз




