Конституция құндылықтары – ортақ сенім мен бірліктің кепілі
Бүгін «Руханият» орталығында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын таныстыруға арналған маңызды кездесу өтті. Жиын «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы» тақырыбында ұйымдастырылып, ауданымыздағы этнос өкілдері мен кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен шынайы пікір алмасу алаңына айналды.Аудандық коалиция мүшелері – Серхожа Ыдырысов, Баян Үсейінова, Әсем Манапқызы және Асылжан Жолдасбеков – Конституциядағы жаңашыл реформалар мен халықтар достығы мәселелеріне тоқталды. Серхожа Ыдырысов сөзінде жаңа Конституцияның саяси жаңғырулар мен реформалардың заңды жалғасы екенін атап өтті. Ол бұл құжат билік пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттырып, азаматтардың шешім қабылдау процесіне белсенді қатысуына жол ашатынын жеткізді. «Негізгі құндылық – адам және оның құқықтары мен бостандықтары. Конституция әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға қызмет ететін нақты әрі тиімді тетіктерді қамтуы тиіс», – деді ол.
Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа реформалардың адам құқығын қорғауды күшейтетінін, билік тармақтары арасындағы теңгерімді нақтылайтынын, сондай-ақ Конституция халықтың сұранысына сәйкес бейімделіп отырғанын атап өтті. Қолданыстағы Конституцияның кіріспесінде «ортақ тарихи тағдыр», бейбіт азаматтық қоғам құру және халықаралық аренада лайықты орын алу мақсаты ерекше көрсетілгені, сондай-ақ тілдік келісімді сақтау қағидалары қамтылғаны сөз болды.
Әсем Манапқызы референдумның ел дамуы үшін маңызды кезең екенін атап өтіп, азаматтардың саналы таңдауы құқықтық жүйені нығайтып, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыратынын ерекше айтты. Кездесудің соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты саналы қатысу мен белсенділік елдің интеллектуалды әлеуетін күшейтетін шешуші қадам екенін атап өтті.




