ХАЛЫҚТЫҢ ДАУЫСЫ ЕСТІЛГЕН ЖЕРДЕ - ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ БЕРІК

Жаңа Конституция жобасы – халықтың үміті мен сенімі заңға айналған маңызды құжат. Осы мақсатта аудандық коалиция мүшелері Арман Мажитов, Серік Мұсабаев, Асылжан Жолдасбеков және Қалдарбек Тұрабаев Шалқия кентінде орналасқан «Шалқия облыстық оңалту орталығы» және ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындардың ой-пікірлері тыңдалып, ел болашағына қатысты ұсыныстары кеңінен талқыланды.
– Жаңа Конституция – әділдік пен теңдіктің, тұрақтылық пен сенімнің кепілі. Халықтың дауысы заңда көрініс тапқанда – елдің болашағы берік болады. Жаңа Конституцияның өзегі – адам құқығын қорғау, – деді Арман Әбілпейісұлы.
Кездесуде басты назарға алынған құндылықтар – әділдік, тең мүмкіндік, адам құқығын қорғау, білім мен медицинаны дамыту, әлеуметтік қолдау. Бұл – әр отбасының ертеңіне тікелей әсер ететін маңызды бағыттар. Тұрғындар өз ойларын ашық айтып, ауыл өміріндегі өзекті мәселелерді – жұмыс, инфрақұрылым, білім, денсаулық, жастар мен отбасыларға қолдау – ортаға салды.
Жаңа Конституция – тек қағаздағы құжат емес, ол ауылдың арманы, халықтың үміті. Ең бастысы – халық бұл құжаттан тұрақтылықты, заң үстемдігін және ертеңгі күнге сенімді көріп отыр. Ауылдың үні естілсе – елдің іргесі берік болады. Жаңа Конституция – сол сенімнің заңдағы негізі.




