Топ-баннер
» » ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТЕКТІ ТҰЛҒАСЫ

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТЕКТІ ТҰЛҒАСЫ


Бүгін «Руханият» орталығында аудан әкімі Мажит Самитовтың қатысуымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, "Отан", І дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің және Ресей Федерациясының «Достық» орденінің иегері, Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының Құрметті азаматы Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты еске алуға арналған «Туған жердің текті тұлғасы» атты тағылымдық шара өтті.
Игі шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов, ел ағалары Қалқазбек Әжібеков, Тастемір Рахимов, Бақыт Нұртазаев, аудандық мәслихат төрағасы Жарқынбек Ғалымжан зиялы қауым, БАҚ өкілдері мен жастар қатысты. Тағылымды шараны аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек жүргізді.
Жиынның алғы сөзінде аудан әкімі Мажит Самитов көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың ел тәуелсіздігінің нығаюына, ұлттық экономиканың дамуына және өңірлердің өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесіне тоқталып, оның биік адамгершілік болмысы мен азаматтық тұлғасын ерекше атап өтті.
– Бердібек Машбекұлы Сапарбаев – Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына, ел экономикасының өркендеуіне және аймақтардың дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұғыры биік тұлға. Тұла бойынан қазақы болмыстың мейірімі мен парасаты көрініс тапқан Бердібек Машбекұлы саналы ғұмырының қырық жылға жуық уақытын ел еңсесін көтеруге арнап, қазақ халқының қадірлі перзенттерінің біріне айналды. Бердібек Машбекұлының тұлғалық болмысы жоғары адами қасиеттерімен де айрықша бағаланады. Ол қарапайымдылықты, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, әділдік пен шыншылдықты өмірлік ұстаным етті. Ата-анасына деген ерекше құрметі мен перзенттік парызын терең түсініп, ақ батасын өмірлік бағдар етіп, олардың өнегелі тәлімін әрдайым биік қойған. Осындай асыл қасиеттері оны халыққа жақын, елге сыйлы тұлғаға айналдырды., – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, шара барысында ел ағалары Серік Дүйсенбаев, Бекмырза Еламанов, Қалқазбек Әжібеков, Тастемір Рахимов, Бақыт Нұртазаев және аудандық мәслихат депутаты, інісі Әлібек Нәлібаев Бердібек Сапарбаевтың өнегелі өмір жолы, іскерлігі мен парасаты жөнінде тағылымды естеліктерімен бөлісті.
Тағылымдық шарада ақындар қайраткерге арналған арнауларын оқып, жиын аудан өнерпаздарының әндерімен қорытындыланды.
11 ақпан 2026 ж. 969 0