Бүйрек ауруына бей-жай қарамаңыз

Адам ағзасының ең нәзік әрі өмірлік маңызды мүшелерінің бірі – бүйрек. Ол тынбай жұмыс істеп, қаннан зиянды заттарды сүзеді, сұйықтық пен электролиттердің тепе-теңдігін сақтайды. Кейде адамдар бүйрегінің сыр бергенін байқамай, тіпті науқас арнайы аппаратқа, яғни гемодиализге таңылуға мәжбүр болады. Мұндай жағдайлар біздің ауданда да жиі кездеседі. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Осы орайда біз «ID SENIM» ЖШС-нің аудандық гемодиализ бөлімінің меңгерушісі, нефролог-дәрігер Балжан Қарақожаеваға жолығып, бүйрек ауруының алдын алу шаралары, науқастарға көрсетілетін көмек, гемодиализдің мәні, профилактика шаралары жайлы терең талдадық.
– Гемодиализ – бұл бүйрек қызметі бұзылған науқастарға арналған ерекше емдеу әдісі. Яғни, бүйректің сүзбелік функциясы бұзылған кезде қаннан зиянды заттарды, артық сұйықтықты және электролиттерді шығару мақсатында жүргізіледі. Процедура арнайы гемодиализ аппараты арқылы жүзеге асады. Яғни науқастың қаны диализатордан өтіп, қажетсіз заттар сүзгі арқылы алынады. Осылайша бүйрек толық істемей қалса да, ағзада сұйықтық пен электролит теңгерімі сақталады, – деп түсіндірді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, бұл процедура әдетте созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға көрсетіледі. Әсіресе бүйрек трансплантациясын күтетіндер немесе басқа емдеу әдісі мүмкін болмаған жағдайда қолданылатын әдіс.
Балжан Қуандыққызының дерегіне сәйкес, бүгінде нақ осы бөлімде 41 науқас тұрақты ем алады. Ең үлкені 79 жастағы қария, ал ең жасы 23 жастағы азамат. Бұл кісілер аптасына үш рет процедурадан өтеді екен. Бұл дерт жас талғамайды, тіпті кейде бүйректерінің сыр бергенін адамдар кеш сезіп, емді кейінге қалдырады екен.
Хош. Енді осы орталықта жұмыс жасайтын мамандарға тоқталсақ. Жалпы, гемодиализ – көп мамандықты қажет ететін емдеу процесі. Науқастың жағдайын тұрақты бақылау, процедураның дұрыс өтуін қамтамасыз ету үшін әртүрлі дәрігерлер мен қызметкерлер бірге жұмыс істейді. Мәселен, нефролог – емдеу жоспарын құрып, гемодиализ көрсеткіштерін белгілейді. Медбике – науқастың қанын диализаторға қосып, процедура кезінде қажетті көмек көрсетеді. Науқастар сонымен қатар, кардиолог, хирург дәрігерлеріне де жүгінеді. Ал диетолог – дұрыс тамақтануды қадағалап, ағзаны қажетті минералдармен қамтамасыз етеді. Лаборант – қан мен зәр анализін шығарып, емнің тиімділігін бағалайды. Бір ғана орталықта осынша маман науқастың оңалуына барынша үлес қосады.
– Тұрғындарға аурудың алдын алу үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен адам өз денсаулығын үнемі қадағалауы керек. Дәрігерге қаралу, уақытылы скринингтен өту аса маңызды. Денсаулығы сыр берсе, өз бетімен уақытша дәрілер ішуге болмайды. Алғашқы кезекте кәсіби медициналық тексеруден өту керек. Адам – өз саулығының басты сақшысы, – дейді нефролог.
Сондай-ақ кейіпкеріміз профилактика бойынша бірнеше маңызды кеңестерді атап өтті. Дұрыс тамақтану, жеткілікті су ішу, қан қысымын бақылау, артық салмақтан сақтану, созылмалы ауруларды дер кезінде емдеу. Бұл қарапайым ережелер өмірлік маңызды органдардың – бүйрек пен жүректің денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Оның айтуынша, медицина – тек теория мен практиканы меңгеру ғана емес, жауапкершілікті сезіну, науқасқа жан-жақты көмек көрсету. Гемодиализ саласында жұмыс істеу – нағыз көпжақты жауапкершілік. Аппаратқа таңылған пациенттердің өмірі мен денсаулығы әр сәтте назарда болуын талап етеді.
– Жұмыс барысында әр науқастың жағдайы жеке қарастырылады. Біреуінің жүрек проблемасы, біреуінің қан қысымы, енді бірі диетаға аса мән беруі керек. Әр кісінің ағзасы әртүрлі, әр науқасқа жеке тәсіл керек, – дейді ол.
Дәрігер гемодиализ – ауыр, бірақ өмірлік маңызды процесс дейді. Әр науқасқа жеке назар аудару, әр процедураның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – оның басты міндеті. Бірақ бұл жұмыс тек техника мен аппаратқа ғана емес, адамның сезіміне, психологиялық қолдауына да байланысты.
– Біздің науқастардың көбінде бүйрек ауруы созылмалы түрде дамиды. Олар үшін ем мен моральдық қолдау бірге жүруі керек. Сондықтан біз тек аппаратқа қарамай, әр пациенттің көңіл күйіне, өмірлік әдеттеріне де мән береміз, – дейді дәрігер.
Демек, бүйрек ауруы – ауыр, бірақ алдын алу мен уақытылы емдеу арқылы көптеген жағдайлардан сақтануға болатын дерт.
Ауданымыздағы гемодиализ бөлімі – тек аппараттар мен процедуралар емес, науқастарға жан-жақты көмек көрсетуге арналған көп мамандықты орталық. Ал, Балжан Қуандыққызы – өз ісіне берілген, пациент жүрегіне жол табатын дәрігер. Оның еңбек жолы – білім мен тәжірибенің, жауапкершілік пен жан жылуының үйлесімі.
Айсұлу АЛДАНАЗАР




