№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Міндетіне мығым

Міндетіне мығым


Бүгінде адамдар арасында су, ауа, экологиялық жағдайдың әсерінен болар дерттің түрі көбейіп кеткен. Әсіресе, бүйрек ауруына шалдыққандардың қатары артқан. Тіпті, екі бүйрегі істен шыққандар да кездеседі. Әрине, мұндай науқастарға алғашқы болып көмек қолын созатын ақ халаттылар екені белгілі. Мәселен, ауданда бүйрек жетіспеушілігіне ұшырағандарға қызмет көрсетіп жүрген жас маманның қатарында Еркебұлан Марсалиев те бар.

Ол аудандағы шведтік «Diaverum» компаниясының филиалы «Жаңақорған гемодиализ» ЖШС-де мейір аға болып қызмет атқарады. Бүгінде заманмен бірге қарыштап дамыған медицина гемодиализ, яғни, «жасанды бүйрек» арқылы адам өмірін ұзартып, олардың жағдайының біршама жақсаруына жағдай жасаған.
– Егер адамның бір бүйрегі ауырса, оның емдеу жолдарын табуға болады. Ал, екі бүйрегі істен шықса жағдайы ауырлайды. Өйткені, бүйрек адам организміндегі зат алмасу процесін реттейтін негізгі мүше. Оның істен шығуы өте қауіпті. Сондықтан, гемодиализ орталығы арқылы бүйрек жетіспеушілігіне ұшыраған науқастардың өмірін ұзарту қолға алынды, – дейді мейір аға.
Аудандағы медициналық бұл орталық 2011 жылдан бері жұмыс жасайды. Әлемнің озық елдерінде дайындалған медициналық аппараттармен жабдықталған емдеу орнында бүгінде онға жуық ақ халатты бүйректің ауыр дертіне шалдыққан 24 тұрғынға қалтқысыз қызмет етуде. Бүйрегі істен шыққан кісілер аптасына үш рет осы орталықтың көмегіне жүгініп, ағзасындағы қан құрамын тазартады.
– Бүйрегі істен шыққан адамның кіші дәретке шығуы қиындайды. Біз пациенттің қан құрамын заманауи аппараттардың көмегімен тазартып, өзіне қайта құямыз. Мәселен, жапондық «Нипро» аппараты арқылы қандағы түрлі электролиттер мен азот қалдықтары арнайы қоспалар арқылы тазаланып, жаңаланып, қан құрамы байытылып, науқасқа қайта құйылады. Ал, дені сау адамда мұндай процестерді бүйрек атқарады, – дейді Еркебұлан Ысрайылұлы.
Мейір ағаның айтуынша, аудандағы осы дертке шалдыққандардың үлкенінің жасы 78-де болса, соңы 28-гі өрімдей жас. Ауруға шалдығудың негізгі себебі – стресс. Көп уайым мен ашушаңдық, күйгелектік, уайымшылдық адамның бойындағы ауруларды қоздыратын негізгі қозғаушы күш. Сонымен қатар, жоғарғы қан қысымы мен қант диабеті. Жоғары қан қысым бар адамдар кейде өздерінің ауырғанын байқамайды. Соның салдарынан бүйрегіне зақым келеді. Суықтау мен уақытылы ем қабылдамаудың соңы да осы дертке шалдықтыруы мүмкін. Сондықтан, тұрғындар дәрігерге уақтылы қаралуы керек. Өйткені, тап осы бүйрек жетіспеушілігі алғашында байқалмай, кейіннен әп сәтте ауруға шалдықтырады екен.
– Осы орталықтың көмегіне жүгінгеніме бірнеше жыл болды. Дәрігерлер өте жақсы қызмет етеді. Ем қабылдап 4 сағат жатамыз. Сонда Еркебұлан қасымызда тапжылмай тұрып көмек көрсетеді. Жалпы, орталықтың барлық қызметкерлері өз ісіне адал. Бізді үйден көлікпен алдырып, қайта жеткізіп салад. Жастардың қалтқысыз қызметіне алғысым шексіз, – дейді ем алушы Жанар Базарбекқызы.
Иә, алғыс алған арымас, демекші осы орталықта тынымсыз еңбек етіп жүрген жігерлі жас көптің көңілінен шығып, өз ісіне адалдығын танытып жүр. Оның жас болса да осындай жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүргені қатарластарына үлгі болары сөзсіз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

05 ақпан 2019 ж. 1 210 0