Сахнаға сыйған сырлы саз

Түркістан қаласының мәдени кеңістігінде айрықша орны бар «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің шығармашылық ұжымы Жаңақорған ауданына арнайы келіп, аудан тұрғындарына мазмұнды әрі әсерлі концерттік бағдарлама ұсынды. Бұл мәдени шара өңірлер арасындағы рухани байланысты нығайтып, өнер арқылы ел бірлігін бекемдеуге бағытталған маңызды бастаманың бірі болды.
Аталған мәдени кешке Жаңақорған ауданының зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек, аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, ардагерлер кеңесінің мүшелері, мәдениет саласының қызметкерлері мен аудан тұрғындары көптеп жиналды. Залға жиналған көрермен қауым концерт басталмай жатып-ақ рухани әсерге бөленді.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы аудан әкімі Мажит Самитұлының Жаңақорған жұртшылығы атынан арнайы жолдаған ыстық ықыласы мен құттықтау лебізін жеткізді. Сонымен қатар өңір мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетовке қазақтың игі дәстүріне сай шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Бұл сәт көрермендер тарапынан зор қошеметке ие болып, мәдени сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды. Сондай-ақ құрмет белгісі ретінде ықылас гүлі табысталды.
Кештің негізгі бөлімінде «Конгресс Холл» кешеніне қарасты шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Атап айтқанда, көркемдік шешімімен ерекшеленетін «Jana Lep» театр труппасы, ұлттық өнерді жаңғыртып жүрген «Alqonyr» фольклорлық ансамблі, сахналық мәдениеті жоғары «Samgau» би ансамблі және жас жеткіншектерден құралған «Keruen» балалар би тобы өз өнерлерін ортаға салды. Әр ұжымның орындауындағы шығармалар көрермендерге ұлттық рух пен заманауи өнердің үйлесімін айқын сезіндірді.
Концерт барысында қазақ музыка өнерінің заңғар тұлғасы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған арнайы музыкалық топтама ұсынылды. Ұлт рухын асқақтататын әуендер залды кернеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Оркестрге Еркін Нұрымбетовтің өзі дирижерлік етіп, орындаушылық шеберлік пен кәсіби деңгейдің жоғары үлгісін көрсетті.
Сонымен қатар «Jana Lep» труппасы сахналаған «Раушан гүл» және «Жігіттер жыры» атты театрландырылған қойылымдар кеш мазмұнын тереңдетіп, көркемдік әсерін арттырды. Қойылымдар арқылы ұлттық болмыс, махаббат пен ерлік, адамгершілік құндылықтар көрермен жүрегіне жол тапты. Театр мен музыка, би өнерінің үйлесуі кешті ерекше форматта өрбітіп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.
Жалпы алғанда, бұл мәдени шара Жаңақорған жұртшылығы үшін рухани серпіліс сыйлаған тағылымды кеш болды. Көрермендер өнерпаздарға ұзақ қол соғып, осындай мазмұнды концерттердің жиі ұйымдастырылуына тілектестік білдірді.
Айта кетейік, аталған мәдени кездесу Түркістан қаласы әкімдігі мен Жаңақорған ауданы әкімдігінің өзара тығыз ынтымақтастығы, мәдени-рухани байланысының нәтижесінде жүзеге асырылды. Өңірлер арасындағы мұндай шығармашылық алмасулар ел мәдениетінің дамуына серпін беріп, ұлттық өнердің кеңінен насихатталуына жол ашады.
Кеш соңында Әлшекей атындағы өнер мектебі ұжымы өңірімізге сазды сапармен келген меймандарға арнайы әріптестік лебіздерін жеткізді.
– Түркістанның өнерпаздарының сазды сапары жүрекке жетті. Құрамындағы барлық мүшелердің жасы, бойы және біліктілігі біркелкі таңдалғаны, әрі бір толқында өнер көрсетуі таңқаларлық жағдай. Поэзия оқыған жастардың жүрек сөзі санамызға терең ой салды, – деді көрермен Жанат Срайыл.
Өнер әлеміне өзгеше леп алып келген киелі шаһардан келген өнер ұжымының екі сағаттық естен кетпес кеші жалғасын табуына көпшілік ықыласты. Өйткені, мұндай тағылымда туындыларды аудан тұрғындарының сағынғаны көрінді.
Мақпал Марқабай




