АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ІХ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек, аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Бақыт Нұртазаев, делегат мүшелері мен сала ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияда 3 мәселе қаралды. Ең әуелі сөз алған аудандық маслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлы ардагерлер ұйымының қоғамдағы орны мен аудан дамуы жолындағы елеулі еңбектерін атап өтіп, өз атынан алғыс білдірсе, аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы ардагерлер тарапынан Мемлекет басшысының Жолдаулары мен сұқбатында көзделген басым бағыттарға қолдау білдіру, ортақ іске бірігу, сонымен бірге ұлтты ұйыстыру ісіндегі ерекше рөлін атап өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов ұйымның 2021 жылдан бергі атқарған есебін тізбектеп, ардагерлер ұйымын одан әрі дамытуды көздейтін негізгі міндеттерді саралап өтті. Ал, тексеру комиссиясының мүшесі Сырға Болғанбаева ұйым шеңберінде атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Жиын барысында аудандық ардагерлер ұйымының Пленум мүшелерін, аудандық ардагерлер ұйымы тексеру комиссиясын және облыстық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің IX конференциясына қатысатын делегаттар сайланды.
Еңбек ардагерлері Әлібек Сүгірбаев, Молдахмет Ибрагимов, Мәжит Тәшімов, Кенжегүл Бахтыбаева жарыссөзге шығып, ашық пікірлерін білдіріп, келелі ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен бірге еңбек ардагерлері Төребай Сапарбаев, Ерубай Қалдыбек мазмұнды ойларын ортаға салды. Делегация мүшелері тарапынан аудандық ардагерлер кеңесінің есепті кезеңдегі жұмысы лайықты бағаланды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе аудандық ардагерлер кеңесі Пленум мүшелерін сайлау бойынша Ерғали Оразбеков сөз сөйлеп, пленум құрамы сайланды.
Конференцияда делегат мүшелеріне аудандық ардагерлер кеңесі төрағасын сайлау мүмкіндігі беріліп, ардагерлер бірауыздан Өмірсерік Тақырбасовтың кандидатурасын қолдады.
Басқосуды қорытындылаған облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Бақыт Нұртазаев белсенділік танытып, өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерлерге Алғыс хат табыстаса, Серқожа Ыдырысовқа "Қызылорда облысының Құрметті ардагері" төсбелгісін тақты.
Айта кетейік, ауданда 8667 ардагер тіркелген, оның 127-і тыл ардагері.




