» » ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеу қаласындағы «Лужники» стадионында футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан».
«Лужники» стадионында біріншіліктің ашылу салтанаты дəстүрлі театрландырылған көрініспен басталды. Сахналық қойылымнан соң ортаға британиялық əнші Робби Уильямс, опера əншісі Аида Гарифуллина, сонымен қатар композитор Александр Болдачев шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Ал чемпионаттың ресми добын ресейлік тележүргізуші жəне осы біріншіліктің елшісі Виктория Лопырева алып шықты. XXІ əлем чемпионатының алғашқы соққысын əлемге əйгілі бразилиялық шабуылшы Роналдо мен турнирдің талисманы Забивака атты қасқыр жасады.
Мұнан соң алаңға америкалық актер, хип-хоп орындаушы Уилл Смит пен Ники Джем жəне албаниялық Эра Истрефи шығып, чемпионаттың Live It Up деп аталатын ресми əнұранын орындады. Биылғы мундиальға əлемнің 32 құрамасы мен 736 футболшы қатысуда. Оған қоса, əр стадионға жиналатын жүз мыңға жуық жанкүйер мен əлемнің түкпір-түкпірінен телеэкран арқылы миллиондаған көрермен енді бір ай бойы футболмен тыныстайтын болады. Чемпионаттың салтанатты ашылу рəсімі өткізілгеннен кейін жасыл алаңға Ресей мен Сауд Арабиясы құрамалары шықты. Матч басталмай тұрып Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мен Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино сөз сөйлеп, 2018 жылғы əлем чемпионатының ресми түрде ашылғанын мəлімдеді.
Ресей жəне Сауд Арабиясы құрамаларының арасындағы ойын 5:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ресей құрамасының жəне биылғы доп додасының алғашқы голын жартылай қорғаушы Юрий Газинский соқты. Сонымен қатар матчтың 23-минутында ресейлік футболшы Алан Дзагоев жарақат алып, ойынды мерзімінен бұрын аяқтауға мəжбүр болды. Дəрігерлердің айтуынша, Дзагоев алаңға енді үш аптадан соң оралуы мүмкін. Жарақат алған футболшының орнына Испанияның «Вильярреал» командасында доп тебетін шабуылшы Денис Черышев шығып, 43-ші жəне 90+1-ші минуттарда дубль жасап, командасын алға шығарды. Екінші таймның 71-минутында Артем Дзюба мергендігімен көзге түссе, 90+4-ші минутта Александр Головин матчтың нүктесін қойды. Осылайша, əлем біріншілігінің алғашқы ойынында Ресей құрамасы Сауд Арабиясының командасын ірі есеппен жеңді.
Осымен, 31 күнге созылатын ала доптың аламаны да басталды. 2018 жылғы əлем чемпионаты 14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресей Федерациясының 11 қаласындағы 12 стадионда өтеді.
16 маусым 2018 ж. 921 0