Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Айдарлы ұл, кекілді қызды кездестіріп жүрсіз бе?

Айдарлы ұл, кекілді қызды кездестіріп жүрсіз бе?


Қазақтың ерлері ерте заманнан шаш-сақал қою үлгісіне терең мән беріп, оны сыртқы сымбаттың белгісі, сонымен қатар оған болмыстың мәнін сыйдырған. Халық түсінігінде шаш – адамның табиғи көркі, оның тектілігі мен тәрбие деңгейінің айғағы. Әйел заты үшін ол нәзіктіктің, әсемдіктің және сұлулықтың нышаны болса, ер-азамат үшін қайрат пен батылдықтың, мәртебенің бейнесі саналған. Шаш адамның жаны мен қуатының бір бөлшегі. Халық арасында маңдайда, төбеде немесе желкеде қалдырылған шағын ғана шөкім шаштың өзіне тұмарлық сипат беріліп, иесін сұқ көзден, жамандықтан сақтайды деген сенім қалыптасқан.


Қазір де төңірегімізден айдарлы ұлды, кекілді қызды кездестіріп жатамыз. Алайда, мұндай дәстүрдің астарында қандай ұғым жатқанын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Біз осы мақалада балаға шаш қоюдың кейбір түрлеріне тоқталып, олардың мән-мағынасын тарқатуды жөн көрдік.
Алдымен «тұлым шашқа» тоқталсақ. Тұлым – қыз баланың шекесіне қалдырылатын шаш үлгісі. Оның ұшына сәндік үшін шашбау, әдемі бау немесе моншақ тағылған. Бұл қыз баланың балғындығы мен нәзіктігін білдіретін, көз тимесін деген ырыммен қойылатын шаш түрі. Қыз бойжеткен кезде тұлымы ұзарып, өскен шашпен бірге өріліп, қосбұрымға айналған. Шаш қоюдың бұл үлгісі бойжеткендік пен сұлулықтың белгісі саналған.
Ал, ер балалардың төбесінде қалдырылатын бір шөкім шашті «айдар шаш» дейміз. Ол тек сән үшін емес, ырымдық сипаттағы ерекше белгі ретінде қойылған. Қазақ түсінігінде айдар балаға қорғаныш болып, көз тиюден сақтайды. Әдетте, сәби қырқынан шыққаннан кейін айдар қалдырып, қалған шашын алып тастаған. Бұл рәсімде ауыл ақсақалдары мен туыстар шақырылып, бата беріліп, той-думан ұйымдастырылған. Айдар көбіне бала он үш жасқа толғанда немесе сүндетке отырғызарда алынып тасталатын болған.
Сондай-ақ, сәби дүниеге келгеннен кейін қырқынан шығарылғанда алынатын алғашқы шаш «қарын шаш» деп аталған. Бұл шаш ана құрсағында жатқанда-ақ пайда болып, баланың өмірінің алғашқы белесін бейнелейтін ерекше белгі саналған. Қазақ танымында қарын шаштың киесі бар деп сенген. Сол себепті оны ел ішінде абыройлы, өнегелі, ұрпағы көп, ақ баталы жандар қырқып берген. Қарын шашты ешқашан аяқасты етпей, таза матаға түйіп сақтаған немесе адам аяғы баспайтын жерге көміп қойған. Оны жоғалту немесе отқа жағу нәрестенің несібесіне нұқсан келтіреді деген сенім болған.
Сонымен қатар, қазақ халқы өсіп келе жатқан балаға кекіл қойған. Кекіл – маңдайға түсетін қысқа шаш. Ол қазақ дәстүрінде ұл балаларға да, қыз балаларға да қойылған. «Кекілді бала», «кекілді қыз» деген тіркестер ел ішінде еркелету, сүйіспеншілік мағына­сында қолданылған. Халық сенімінде бала­ның кекілінде періште қонады деген ырым болғандықтан, оны кесуге асықпаған.
Ендігі кезекте «желке шашқа» келейік. Ертеректе жетім қалған балалардың желкесіне бір шөкім шаш қалдырған. Бұл – сөзсіз түсінікті ишара, «бұл бала жетім, қамқорлық қажет» деген үнсіз белгі болған. Мұндайды көрген ауыл адамдары оны шеттетпей, ойын-сауыққа араластырып, киім-кешек, ас-суымен қамтамасыз етіп, қолдау көрсеткен. Демек, желке шаш халықтың мейірімге, ізгілікке негізделген тәрбие жүйесінің айғағы.
Иә, қазақ үшін шаш – ұлттық болмыстың бір бөлігі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан киелі мұра. Айдар, тұлым, кекіл, бұрым әрқайсысы өзіндік сырға толы, халықтың дүниетанымын айқындайтын ерекше белгілер. Олар сұлулықты ғана емес, ырымдық мәнді де білдіріп, баланы көз тиюден қорғау, жас ерекшелігін көрсету, шыққан тегін таныту қызметін атқарған. Уақыт өте кейбір дәстүрлер ұмыт бола бастағаны­мен, халық жадында сақталып, бүгінгі ұрпақ арасында қайта жаңғырып келеді. Осындай дәстүрлерді бүгінгі күні ұстану – ата дәстүрін қазіргі өмірмен сабақтастыратын, өткен мен келешекті жалғайтын алтын көпір.

Айсұлу Алданазар
26 қазан 2025 ж. 493 0