Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Жәрдемақы: Аналар көңілін жұбата ма?

Жәрдемақы: Аналар көңілін жұбата ма?


Біз баланы болашақтың шамшырағына балайтын халықпыз. Әрбір шарананың дүниеге келуі – ел үшін қуаныш, ұлт үшін жаңа үміт. Осы орайда, мемлекет жас аналарды қолдап, нәресте туған кезде бір реттік жәрдемақы береді. Көпбалалы отбасыларға ай сайынғы төлем қарастырылған. Ана мен балаға берілетін жәрдемақылардың мөлшері қандай? Мемлекет тарапынан жасалған төлемдер аналар көңілін жұбата ма, әлде алаңдата ма? Біз осы тақырыпта ізденіп көрдік.


Нақты ақпарат не дейді?

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі­нің ресми мәліметінше, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақы мен зейнетақы мөлшері өсті. Мәселен, бала тууына берілетін бір реттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға – 149 416 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 247 716 теңге болды. Сонымен қоса бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайынғы төлем мөлшері 22 648 теңгеден бастап 34 995 теңгеге дейін беріледі. Ал жұмыс істейтін аналарға мемлекеттік әлеуметті сақтандыру қорынан қосымша төлем тағайындалады. Яғни мемлекет белгілі бір деңгейде қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, биыл 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 149 416 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырған 9120 теңгеге көп. Ал 4 және одан да көп бала туғанға берілетін жәрдемақы сомасы – 247 716 теңгені құрап отыр. Бұл төлем өткен жылы – 232 596 теңге болатын.
Сондай-ақ, балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін – 63 030 теңге болса, 10 баласы бар отбасылар үшін –157 280 теңгені құрайды.

Жәрдемақы жергөктен артылмай тұр

Осы мәселе төңірегінде кенттегі ана­лардың ой-пікірлерін сұрап білдік. Бірі жәрдемақыны тиімді десе, енді бірі жәрдемақы тек алғашқы қажеттілікті өтеуге ғана жететінін тілге тиек етіп, мөлшерінің аздығына шағым айтты.
– Төртінші балама 247 мың теңге бір реттік жәрдемақы алдым. Әрине, бұл да көмек. Бірақ қазіргі қымбатшылықта бұл қаражат өте аз. Бір айдың азық-түлігіне әзер жетеді. Ал, ай сайынғы 35 мың теңге баланың жөргегінен артылмайды, қосымша нәрестеге алынатын сүтті бұл сомаға алу мүмкін емес, – дейді Береке Дәрменқызы.
Ал жас ана Динара Дидарқызы болса, жұмыссыз аналардың алатын жәрдемақысының аздығын алға тартты:
– Егер жұмыс істемесең, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем ала алмайсың. Ауылдық жерде көп келіншек жұмыссыз отырады. Сонда олардың жалғыз табысы – осы мемлекеттік жәрдемақы. Бұл жеткілікті деп айта алмаймын, – дейді ол.
Сондай-ақ кент тұрғыны Балжан Өтемісқызы балаларға берілетін жәрдем­ақының тек төрт баладан бастап қана берілетініне наразылығын білдірді:
– Менің үш балам бар. Бірақ мемлекет көпбалалы аналарға арналған жәрдемақыны тек төртінші баладан бастап қана береді. Бұл әділетсіздік сияқты. Үш немесе екі баланы бағып отырған ананың еңбегі неге ескерілмейді? Әр бала бірдей қуаныш, бірдей жауапкершілік. Сондықтан жәрдемақы тек төрт балалыға ғана емес, әр балаға берілгені дұрыс деп ойлаймын, – дейді ол.

Әлем тәжірибесі қандай?

Зерделесек, көп елде әр балаға, тіпті бір балаға да мемлекет тарапынан жәрдемақы беріледі. Бұл әділетті принципі отбасы­ға нақты қаржылай қолдау көрсетудің бір жолы. Мәселен Венгрияда көпбалалы аналарға үй сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі екен. Ал Францияда бала санына қарай салықтан босату жүйесі бар. Бұл модельдер отбасыларды ұзақмерзімді тұрғыда демеу.
Мәліметтерге сүйенсек, Италияда 2022 жылдан бастап бүкіл балалы отба­сылар үшін «Assegno Unico Universale» жәрдемақысы енгізілген. Жәрдемақы мөл­шері отбасының табысына байланысты тағайындалады. Германияда «Kindergeld» жәрдемақысы барлық балаға ай сайын төленеді. Ал Польшада «Rodzina 500 Plus» деп аталатын бағдарлама аясында екінші және одан кейінгі бала үшін ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Бірақ отбасының табысы белгілі бір деңгейден төмен болса, тіпті бір баласы барлар да аталмыш жәрдемақыны ала алады. Финляндияда жәрдемақы ай сайын әр балаға беріледі. Тіпті, ата-ана демалысы толық жалақымен қамтылып, мемлекеттік балабақшалар мен мектепке дейінгі білім тегін көрсетіледі. Балалы ата-ана үшін еңбекке қайта шығуға оңтайлы шарттар жасалған.

P.S.: Иә, мемлекет тарапынан көрсе­тілетін көмек отбасы үшін көрсетілетін көмектің бір бөлігі ғана. Бірақ бұл қолдау бала өсіруге кететін нақты шығынды толық өтей алмайды. Жәрдемақы – символ­дық қадам, азды-көпті демеу ғана. Ал аналардың шынайы тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін кешенді әлеуметтік сая­сат қажет. Ендеше, «Бала – болашақтың шамшырағы», – деген сөзді ұран емес, нақты нәтижемен көрсету – уақыт талабы.

Айсұлу Алданазар

01 қараша 2025 ж. 1 047 0