АЛАЯҚТЫҚ АУЫР ЖАЗА АРҚАЛАТАДЫ

Аймағымызда интернет-алаяқтық қылмыстары белең алып келеді. Солардың бірі – «дропперлік» әдіс. Жуырда Алматы облысының 21 жастағы тұрғыны дәл осы тәсілді қолданғаны үшін сот алдында жауап беріп, бас бостандығынан айырылды.
Жалпы, дроппер ұғымы туралы тоқталатын болсақ, дроппер бұл – алаяқтық жолмен алынған қаржыны өз атына ашылған шоттарға қабылдап, кейін қолма-қол ақшаға айналдыратын немесе үшінші тұлғалардың есепшоттарына аударатын қылмыстық схеманың қатысушысы. Енді орын алған қылмыстық істің мәнжайы туралы айтып өтейік: Анықталғандай, 2024 жылдың қараша айында Алматы қаласында қылмыстық топ құрылған. Ж есімді азамат алдын ала сөз байласқан адамдар тобының тұрақты мүшесі ретінде әрекет етіп, таныстарының атына онға жуық банк шотын ашып, оларды сыбайластары С және Н-ға беріп отырған. 2025 жылғы 8 сәуірде сыбайлас қатысушылар Жаңақорған ауданының тұрғыны З есімді азаматқа телефон арқылы хабарласып, өздерін мобилді байланыс және банк қызметкері ретінде таныстырады. Жәбірленушінің телефонына келген құпия кодтарды пайдаланып, оның атына 6,3 миллион теңге көлемінде несие рәсімдейді. Кейін заңсыз алынған қаражат дропперлік шоттарға аударылып, қылмыстық топтың иелігіне түскен. Қылмыстық топтағы рөлі үшін Ж 100 мың теңге көлемінде сыйақы алған. Жаңақорған аудандық сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы үкімімен айыпкер Ж-ға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1) тармағында көзделген «ірі мөлшерде, алдын ала сөз байласқан адамдар тобында жасалған алаяқтық» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сотқа дейінгі тергеп тексеруді және мемлекеттік айыптау саласындағы прокурорлық үйлестіру салдарынан жәбірленушіге келтірілген залал өтелген. Бүгінде сот үкімі заңды күшіне еніп, сотталған жазасын өтеу мекемесіне жіберілді. Бұл іс – жеңіл табысқа қызығушылықтың қаншалықты ауыр салдарға әкелетінінің айқын дәлелі. Прокуратура азаматтарды интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, ал жеке мәліметтерді бөтен тұлғаларға пайдалануға бермеуге шақырады.
Жаңақорған ауданының прокуратурасы



